«Мұқағали» фильмі Азия кинофестиваліне қатысып жатыр

583

0

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Мұқағали» картинасы Азия кинофестиваліне қатысып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазақфильмнің» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

26 қазан – 6 қараша аралығында Барселонада Азия кинофестивалі өтеді. Испаниядағы жетекші кинофестивальда жыл сайын Азияның 25 елінен жүзге жуық фильм ұсынылады.

Фестиваль келесі бөлімдер бойынша бірнеше кинотур ұсынады: «Ресми», «Ресми панорама», «Жаңалықтар», «Netpac» және «Арнайы», барлығы конкурсқа қатысады. Сонымен қатар жыл сайын Asian Film Awards академиясы тағайындайтын Asian Film Awards (AFA) және «Ретроспектива» марапаттары бар.

Қазақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған «Мұқағали» картинасы оның өмірінің соңғы жылдары туралы баяндайды. Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген.

Фильмнің әлемдік премьерасы 25-ші (PÖFF) Таллин кинофестивалі аясында өтті, онда қазақстандық картина экуменикалық қазылар алқасының жүлдесіне ие болды. Биылғы наурыз айында өмірбаяндық картина Кераладағы (Үндістан) 26-шы халықаралық кинофестивальдің «Әлемдік кино» секциясында ұсынылды. Жақында «Мұқағали» фильмі Қазан кинофестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды.

Сондай-ақ, фильм Гатчинадегі (Ресей) «Әдебиет және кино» халықаралық кинофестивалінде қоюшы-суретші Ермек Өтегеновтің үздік жұмысы үшін қазылар алқасының арнайы дипломына ие болды. Сондай-ақ қазан айының соңында фильм Дубайдағы META Film Fest кинофестивалінде бас жүлдені жеңіп алды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<