Мұрынға арналған тамшыларды бір аптадан артық қолдануға болмайды

275

0

Фото: ru.freepik.com

Тамыр тарылтқыш тамшыларды жеті күннен артық қолдануға болмайды. Әйтпесе, оған тәуелділік пайда болуы мүмкін. Бұл жайлы «Риамо»-ға оториноларинголог-дәрігер Игорь Маневич айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Дәрігердің айтуынша, сегізінші күні суық тию белгілері сақталса да, тәуелділік пен басқа да жағымсыз салдардың пайда болуын болдырмау үшін тамшыларды қолдануды тоқтату керек.

Ол тұмау маусымында тамыр тарылтқыш тамшыларға тәуелділіктің даму қаупі бар екенін айтты. Алайда бұл тамшылар синусит немесе отит сияқты асқынулардың алдын алу үшін тұмаудың алғашқы күндерінде ғана қажет екенін түсіндірді.

«Егер адамда мұрыннан су ағу, тамақ ауруы, жоғары температура секілді тұмаудың айқын белгілері болса, тамыр тарылтқыш тамшыларды қолдануға болады. Тіпті вазомоторлы ринит диагнозы қойылған немесе тамшыларға тәуелділік болса да, оларды аурудың алғашқы күндерінде қолдануға болады. Мұндай жағдайларда тамшыларды күніне 3-4 рет қолдануға рұқсат етіледі», – дейді дәрігер.

Игорь Маневич тамыр тарылтқыш әсері бар кей заманауи препараттарды шырышты қабыққа теріс әсерді азайтатын майлар (мысалы, алоэ) сияқты қосымша компоненттер қосып дайындайтынын атап өтті. Ал құрамында ксилометазолині бар препараттар мұрынның шырышты қабығын қатты құрғатады және олар арзан тұрады. Сондықтан маман мұрынға тамызатын тамшыларды таңдау кезінде оның құрамына қарап, сапалысын алуға кеңес берді.

«Дәріханаларда тамыр тарылтқыш заттар ғана емес, сонымен қатар антибиотиктер немесе стероидтері бар аралас тамшылар бар. Бұл компоненттер қабынуды жеңілдетуге және бактериялық инфекциямен күресуге көмектеседі. Алайда кез келген тамшыларды ұзақ қолданбаған дұрыс», – деп қорытындылады маман.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<