Шиелі кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде 2008–2009 жылы туған жасөспірімдер арасында Түркі әлемінің көсемі, Алаш арысы – Мұстафа Шоқай атындағы қазақ күресінен республикалық турнир өтуде.
Тарихи тұлғаның есімін ұлықтауға арналған жарысқа еліміздің әр аймағынан келген үздік жас балуандар қатысып, боз кілемде бақ сынауда.
Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов құттықтау сөз сөйлеп, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
– «Мұстафа Шоқай — ұлт азаттығы жолында күрескен ұлы тұлға. Оның есімімен аталған бұл турнир жастарды елжандылыққа, табандылыққа, ұлттық рухты биік ұстауға тәрбиелейді» деп атап өтті, аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде.
Сондай-ақ салтанатты шарада Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Абай облысынан келген Шыңғыс Тұрсынов, жарыстың маңыздылығына тоқталып, балуандарға ізгі тілегін жеткізді.
Турнир аясында қазақ күресін дамытуға сүбелі үлес қосып жүрген Әлімбай Дәулетов пен Ғалымжан Әлиев ҚР Туризм және спорт министрлігінің «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Жарыс барысында жас балуандар өз шеберліктерін танытып, әр белдесу тартысты өтуде. Бұл турнир — жастар үшін үлкен тәжірибе мектебі ғана емес, сондай-ақ ел намысын қорғауға деген алғашқы қадам.
Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі.






