МЫҢ АЛҒЫС

618

0

    МЫҢ АЛҒЫС Алғыс айту күніне орай облыстық тарихи-өлкетану музейде «Алғыс айтамын» атты сұқбатты шоу және флеш-моб ұйымдастырылды. Ел бірлігін арттыратын мерекеде Қызылорда облысындағы этно мәдени бірлестік өкілдері қазақ еліне деген жүрекжарды алғысын білдірді. 

      Кездесуге қатысқан әрбір ұлт өкілінің тағдыр айдап, Қазақстанға келу тарихы бөлек болғанмен, елге сіңісіп, өмір сүру жағдайы ұқсас. Олар қиын-қыстау кезеңдегі бауырмал елдің адамгершілігі мен имандылығын еске алды.

    – Репрессияға ұшыраған адамдардың өмірін тарихи кітаптан оқудың өзі ауыр. Ал біз оны басымыздан өткердік. Менің күйеуімнің әкесі де Қырым татары. Біз ол жақта ұзақ уақыт пәтер жалдап тұрдық. Жұмыс іздедік. Ал Қызылордаға келген соң, мінезі де даласындай кең халық барымен бөлісті. Ресейге қонаққа барғанда осы елді сағынып тұрамын. Мұнда біздің жастық шағымыз, қиын да қызық өміріміз өтті. Қазақ халқына қашанда ризамын, − дейді татар ұлтының өкілі Фаина Валиулина.
Ал татар Раиса Смаханова әскер қатарындағы қазақ жігітімен сөз байласып, 1958 жылы біздің елге келін боп түскен. Биыл 80-ге толатын Раиса апай қазақ пен татардың салт-дәстүрі ұқсас болғандықтан, өмір сүру салтымызға оңай үйренгенін айтады.
      Қазақтың кеңпейіл мінезін мына бір оқиғадан байқауға болады. «Халық жауларының» әйелдеріне арналғаН  Ақмола лагерінің тұтқындарын билік ауыр жұмысқа салып, қоршауда ұстайды, жарытымды ас бермейді. Сонда жергілікті қазақтар күн сайын ақ тас лақтырады екен. Қарауылдар  бұл іске күле қарап, мән бермейді. Бірақ олар бірнеше күннен кейін «ақ тастан» сүттің исі шығатынын байқап, қазақтың дәмінен ауыз тиіп, өзек жалғайды. Сонда ғана қазақтың бұл ісі қамқор көңілі екенін аңғарған.
       Бүгінде аймақта ұлтаралық татулықты, этникалық ұлттардың салт-дәстүрін сақтау мақсатында Қазақстан Халықтары Кіші Ассамблеясы жұмыс істейді. Он бір мәдени орталық бар. Орталықтың мүшелері қашанда игі істерді, қоғамдық маңызы бар шараларды белсенді ұйымдастыруымен танымал.
  • Айдана ЖҰМАДИНОВА,
  • «Сыр бойы».    
  •        

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<