«Мың бала» жобасына мыңнан аса этнос жастары қатысты

433

0

Кеше Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының өңірлік кезеңінің қорытынды шарасы болып өтті.

«Жарқыра, жас дарын!» тақырыбында өткен облыстық байқауда Қызылорда қаласынан және аудан мектептерінен 7 қатысушы бақ сынады. Маңызы жоғары жобаны іске асыруда жыл басынан бері облыс көлемінде түрлі форматта іс-шаралар өткізілді. Дөңгелек үстел, шығармалар байқауы, ашық диктант, кездесулер, аудан мектептерінің жазғы тынығу лагерлерінде ұлттық және спорттық ойын түрлерінен жарыстар, байқаулар ұйымдастырылды. Жобаға тартылған мыңнан аса жастар қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайтудағы мемлекеттік тілдің маңыздылығын жете түсінді.

«Мың бала» жобасына мыңнан аса этнос жастары қатысты

«Мың бала» жобасы еліміздегі түрлі ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретіп, халқымыздың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне қызығушылығын оятып, еліміздің тарихымен таныстырып, болашақта туып-өскен Отанын құрметтеуге баулуды мақсат тұтады. Осындай игі жобаның атқарар маңызы орасан. Өз елінің тарихы мен тілін біліп өскен жеткіншек болашақта ел іргесінің бүтін болуы үшін қызмет істейтін азамат болып қалыптасатыны сөзсіз. Бұл жоба татулық пен бірліктің, ынтымақтың алтын бастауы.

Өңірлік кезеңде сайыскерлерге Тілдерді оқыту орталығы директорының орынбасары Жаныгүл Ерекешова, №264 мектеп-лицейінің педагог-модераторы Мадияр Ердібек, тіл жанашыры, неміс этномәдени бірлестігінің белсендісі Светлана Крюгер төрелік етті.

Төрт кезеңнен тұрған тартысты байқауда бірінші «Таныстыру», екінші сұрақ-жауап «Aqyl battle», үшінші «Салт-дәстүр – сан ғасырлық саф мұра» қазақтың салт-дәстүрінен сахнада көрініс қою кезеңі болды. Төртінші «Шығармашылық өнер», яғни өлең айту, билеу, көркемсөз оқу, музыкалық аспапта ойнау сынды өнерлерін көрсетті.

Атап өту керек, байқауға қатысушылардың барлығы үлкен дайындықпен келген. Бұл байқауда олар өздерін сан қырынан танытып, қазақ тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін жетік меңгергендігін көрсетті.

Байқау нәтижесінде жүлделі 1 орынды №198 орта мектептің оқушысы Лейсан Гейдарова, 2 орынды Жалағаш ауданы №31 мектеп-гимназиясының оқушысы Алина Цой, 3 орынды №3 ІТ мектеп-лицейінің оқушысы Милана Жунитова иеленді. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар, ал барлық қатысушыларға дипломдар табысталды.

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<