Мұз үстіндегі қарлығаш

267

0

Қазақ елін төрткүл дүниеге танытып жүрген мәнерлеп сырғанаушы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Элизабет Тұрсынбаева – ел мақтанышына айналған есім.

Әкесі Байтақ Әбілханұлымен бірге атамекенге келген жас спортшы  өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында журналистермен баспасөз мәслихатын өткізді.

Б.Әбілханұлы кездесу барысында спортшының табыстарына тоқтала келіп, 5 жыл бойы канадалық Брайан Орсердің қол астында жаттыққан Элизабеттің ендігі жаттығуларын Ресейдің Новогорск қаласында, белгілі бапкер Этери Тутберидзе тобында жалғастырып жатқанын айтты.

– Бұл спорт түрімен айна­лысушының сырғанау жаттық­тырушысы, секіру шеберлігі, би қоюшы хореограф секілді бірнеше бапкері болады. Онан бөлек әр қойылымға әртүрлі қымбат киім керек. Міне, осы­ның бәрі өзімізге ауыр тиетін. Бізді мұндай қиындықтан алып шы­ғып, тұрақты демеушілік жасап отырған облыс әкіміне, мұнай­шылар компаниясына ал­ғысымыз шексіз, – деді спорт­шының әкесі әрі менеджері.

Сондай-ақ ол Элизабеттің әр нәрсеге бейім екенін де әңгімеледі. Спортшы скрипкада жақсы ойнайды екен, үйінде тамақты өзі істеп, ата-анаға салмақ салмай өз керегін өзі іздейді. Сондай-ақ ол орыс тілінен бөлек ағылшын тілін жетік меңгерген. Әкесінің туған жері – Қазалы, яғни Элизабеттің атамекені – Сыр елі. Бірақ Мәскеуде туып-өскендіктен және 5 жасынан жаттығуға барып, орыс тілді  ортаны ғана көргендіктен, қазақшаға шорқақ, білгенін айтуға ұялшақтайтын көрінеді. «Қазіргі басты мақсат 2022 жылы Бейжіңде өтетін қысқы олимпиада ойындарына дайындық жасап, ел қоржынына алтын жүлде салу. Ал, Элизабеттің қазақ тілін бір-екі жылда жатық сөйлеп кетуге мүмкіндігі бар», – дейді Байтақ Әбілханұлы.

Спортшының өзі журна­листерді қызықтырған сұрақ­тарға жауап берді. Алдағы ақпан айында ол АҚШ-та өтетін төрт құрлықты чемпионатқа, 2-12 наурыз аралығында Ресейдің Красноярск қаласында алауын жағатын бүкіләлемдік қысқы универсиадаға, сонымен бірге Жапонияда болатын Әлем чемпионатына қатыспақшы.

Сондай-ақ, Элизабет осы сапарында Қызылордадағы мұз айдынында шеберлік класын көрсететінін айтты.

Мұз үстінде қарлығаштай қалқыған қаракөзіміздің әлі талай мәрте көк туымызды биікке желбірететіні анық.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<