Н.Нәлібаев: «Облыстағы әрбір ауылдың дамуы жеке бақылауымда болады»

262

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қазалы ауданына жұмыс сапары аясында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңейтілген мәжіліс өткізді. Шешімін күткен мәселелерді талқыға салып, алдағы міндеттерге тоқталды.

Ел Президенті өзінің сайлауалды бағдарламасында азаматтардың табысын арттырып, өмір сапасын жақсартуға баса назар аудару қажеттігін атап өткен болатын. Барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысына жыл сайын бағалау жүйесін енгізуге, оның ішінде ауыл әкімдерінің жұмысына ерекше назар аударды.

«Ауылдық аумақтарды дамыту және тиімділігін арттыру, сондай-ақ ондағы өмір сүру сапасын жақсарту үшін қабылданған бұл шешімді жүзеге асыруымыз керек. Кент және ауылдық округ әкімдері халықтың күнделікті айтып жүрген проблемаларын шешуді көздейтін жобалар дайындап, оны қорғап, жанашырлық танытуы тиіс. Жайбарақаттықты уақыт көтермейді, ауылдың дамуына, көркеюіне жұмыс жасаңыздар. Облыстағы әрбір ауылдың даму перспективасы менің жеке бақылауымда болады. Мұндай көшпелі жиындарды жиі өткізіп, ауыл әкімінің іскерлік қабілеті мен белсенділігін бағамдауды дәстүрге айналдырамыз», – деді облыс әкімі.

Қазалы ауданының өнеркәсіп, өңдеу өнеркәсібі, ауыл, орман және балық шаруашылығы, құрылыс жұмыстарының көлемі, тұрғын үйлерді пайдалануға беру, жұмыс жасап тұрған ШОБ субъектілері салаларындағы көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Инвестиция, бөлшек сауда көлемі, бюджеттің өз кірістері көлемі өсімінің орындалу деңгейі орташа.

Былтыр өнеркәсіп кәсіпорындары 20,2 млрд. теңгенің өнімін өндірген, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 23,6 пайызға артқан. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемінде де 22,5 пайыздық өсім бар.

Нұрлыбек Машбекұлы аудан әкіміне халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы бірқатар міндеттерді жүктеді. Атап айтқанда, ауданда «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 5 жобаны жүзеге асыруға 1,1 млрд теңге бөлінген. Енді бұл бағыттағы жұмысты жандандыру қажет.

Биылдан бастап Президент бастамасымен қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасы бойынша да жұмыс қарқыны төмен. Облыс басшысы барлық аудан әкімдеріне кемінде 2 млрд. теңгеге жоба ұсыну міндеттелгенін еске салды. Бұған дейін ауылдық округ, кент әкімдерінің сол аумақта тұрғылықты тұруы қатаң тапсырылғаны белгілі. Соған қарамастан аудан орталығынан қатынайтын Мұратбаев, Сарыкөл, Басықара және Құмжиек ауылдық округтерінің әкімдеріне ескерту жасалды.

Соңғы жылдары ауыл тұрғындары несие ұйымдарынан алған қаржысының басым бөлігін мал шаруашылығына жұмсаған. Бизнесті қолдау бағдарламалары техника алу, наубайхана, дүкен, шаштараз, тігін цехын ашуға, басқа да өндіріске бағытталған жобаларды қаржыландырады. Ауыл әкімдері осындай жобаларды да таңдап, кәсіпкерліктің түрлі саласын дамытуы керек.

Мәжілісте аудан әкімі Мұхтар Оразбаевқа ауылдардағы кәсіпкерлікті дамыту, жұмыссыздықты азайту бойынша тапсырмалар берілді. Жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Ал, аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылбай Аңсатовқа аудандағы қылмыстық ахуалдың алаңдатарлық екені ескертілді. Қалыптасқан жағдайды ардагерлер және қоғамдық кеңестердің отырыстарында талқылап, мән-жайды сараптан өткізсе, бұл келеңсіздіктердің алдын алуға болады.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<