Аудан әкімі Берік Сәрменбаев Нағи Ілиясов ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысты. Медициналық нысанды аралап, медициналық қызмет сапасына және ғимараттың жай-күйіне мән берді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес соңғы үш жылда облыста денсаулық сақтау саласына 441 млрд. теңге қаржы бөлініп, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында барлық аудандарда 28 медициналық нысан жаңадан салынды. Соның ішінде, Н.Ілиясов ауылындағы дәрігерлік амбулатория 2023 жылы пайдалануға берілді. Заманауи талаптарға сай келетін нысанда тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетілуі тиіс. Сондай-ақ, ғимарат тазалығына мән беріп, ұқыптылықпен, жауапкершілікпен сапалы күйінде сақталуын қамтамасыз етіп, кемшіліктер болмауы қажет, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Бүгінде дәрігерлік амбулаторияда ауыл тұрғындарына 12 медицина қызметкері қызмет көрсетіп, 10 жатын орынмен қамтылған. Медициналық нысан заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.Мұнда алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету, тұрғындарды профилактикалық тексеруден өткізу және жоспарлы ем-шаралар жүргізу жұмыстары жүзеге асырылады.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі






