Нақты іс пен өзгеріс

4

0

Сыр елі – тарихы терең, тынысы кең, әр перзентінің жүрегінде туған жеріне адал қызмет етуге өнеге қалдыратын өңір. Мұнда туған әр азамат үшін өз туған жерін дамыту – тек міндет емес, бұл сезіммен атқарылатын парыз. Сол парыз жолында еңбек еткен Сырдың төл перзенті Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың басқарушылық тәжірибесі – туған жерге адалдықтың, халыққа қызмет етудің айқын көрінісі.

Қазір қонақ та, осында келген әріптес те Сыр өңірінің тынысы кеңіп, келбеті жаңарғанын көріп таңдай қағады. Аз уақыт ішінде өңірдің әлеу­меттік-экономикалық өмірі өзгерді. Әр саладағы жаңа бастамалар – тек қағаз жүзінде емес, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты іс. «Ел іші – алтын кеніш» деген­дей, халықтың сенімі мен ықыласы – әкім үшін ең басты өлшем болды.

Бүгінгі Қызылорда облысы кел­бетіне көз жүгіртсек, өңірімізде кез­дейсоқ жетістік жоқ екенін анық аңға­рамыз. Әрбір оң өзгерістің артында жүйелі жоспар, табанды еңбек және жауапкершілікке негізделген басқару мәдениеті жатыр.

Сыр елі туралы айтылған жылы пікірлерді жиі естиміз. Мұның бар­лығы – уақытпен дәлелденген, жүйелі жүр­гізілген жұмыстың жемісі. Аз ғана мерзім ішінде аймақтың даму қарқыны үдеп, көптеген салада тың серпін қалыптасты.

Ең алдымен, өңір экономикасының тірегі саналатын бюджет көлеміне на­зар аударсақ, соңғы төрт жылда 2,5 есе өсті. Бұл өңірдің қаржылық әлеуеті ны­ғайып, әлеуметтік және инфра­құры­лымдық жобаларды кең көлемде жү­зе­ге асыруға мүмкіндік алғанының айғағы.

Инвестиция тарту бағытында да нақты нәтижелер бар. Соңғы үш жыл ішінде өңірге 2 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылып, ірі өндірістік және инфра­құры­лымдық жобалар іске асырылуда. Нәти­жесінде жаңа жұмыс орындары құрылып, экономиканың әр саласында қозғалыс пайда болды. Ал аймағымызға шетелдік және басқа көздер арқылы алдағы жылдары 3 трлн теңгеден астам қаражат тарту жос­парланып отыр. Қаржылық мүмкіндіктер әлеу­меттік және инфрақұрылымдық жоба­лар­ды кең көлемде жүзеге асыруға жол ашады.

Әлеуметтік саладағы оң өзгерістер де ерекше назар аудартады. Екі жүзден астам білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандары бой көтерді. Жаңа мек­тептер мен заманауи меди­циналық меке­мелер тұрғын­дардың тұрмыс сапасын арттырып, болашақ ұрпаққа жасалған маңызды инвестиция екенін көрсетеді. 500 орындық емхана мен 200 орындық пер­зентхана – халық денсаулығына, әсіресе ана мен баланың өміріне жасалған стра­тегиялық қадам. Жаңа инфрақұрылымдық жобалар – жылу-электр орталығы, сапалы ауызсу және газбен қамту – тұрғындардың күнделікті өмірін жақсартуға бағыт­талған нақты әрекеттер.

Қала мен ауылдың сәулеттік келбеті жаңарды. Жолдар жөнделіп, жаңа ғимараттар бой көтерді. «Жолың болса – жерің кең» дегендей, транс­порттық инфрақұрылымды жаңарту, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізін кеңейту, әуежай мен теміржол вокза­лын жаңарту өңірдің эконо­микалық әлеуетін арттырды.

Тағы ең маңызды инфра­құры­лым­дық жобалардың бірегейі – «Қызылорда-Ақтөбе» халықаралық автожолын жаң­ғыртуға 1 трлн теңге, сонымен қатар «Бейнеу-Сексеуіл» бағытындағы жаңа жолға 500 млрд теңге бөлінеді. ББШ газ құбырының 2 желісі 1 трлн теңге, Бу-газ электр­станциясы (Катар инвестициясы арқылы) 800 млрд теңгеден асады. Мұның артында көзге көрінбейтін қаншама еңбек, көптеген келіссөз жатыр.

Нұрлыбек Машбекұлының басқару жүйесі – тиімділік пен жауапкершілікке негізделген. 24 басқарма 16-ға қыс­қартылып, бағыттас құрылымдар бірік­тірілді. Мұндай шешім қабылдау жыл­дам­­дығын арттырып, нәтижеге қол жеткізудің кепілі болды. «Біздің кеңес­шіміз – халық» деген ұстаным ашық диалогті қамтамасыз етіп, әлеуметтік шиеленістерді болдырмай, халық пен билік арасындағы сенімді нығайтты.

Қызылорда қазір нағыз үлкен құрылыс алаңына айналып, әр іргесі жаңалық пен дамуға толы. Тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп, сапалы баспана мәселесі шешілуде. Құрылыс сапасына қойылған қатаң талаптар тұрғындардың сенімін нығайтып, әр жобада жүйелілік пен талапшылдық бар екенін көрсетті. Айта берсек, тың бастама, оң өзгеріс көп.

Мемлекет басшысының қолдауы да – аймақ басшысының еңбегінің айқын көрінісі. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өңірдің даму қарқынын бірнеше мәрте жоғары бағалап, Сыр өңірінің жүйелі дамып келе жатқанын атап өтті.

Қорытындылай келе, төрт жыл – тек уақыт өлшемі емес, нақты нәтиже мен се­нім­ді нығайтқан кезең. Нұрлыбек Машбек­ұлының табанды еңбегі Сыр өңірін жаңа деңгейге көтеріп, әр сала­дағы жетіс­тіктер арқылы халық өмірінің сапасын арттырды. Оның басқару стилі – ашық, талапшыл, жүйелі. Бұл – тек әкімнің еңбегі емес, туған жерге адал қызметтің жарқын үлгісі.

Бүгінде Сырдың әр қиырында өркендеген өмір көрінеді. Бастысы, елдің жүрегі тыныш, тұрғындары қуанышты бол­сын. Әр отбасы бақытқа кенелсін, әр бала білімге ұмтылсын, әр ауыл мен қала гүл­денсін. Туған жердің әр күні – жаңа мүм­кін­дік, серпін мен мерейге толы болсын!

Мархабат ЖАЙЫМБЕТОВ,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты