Нақты нәтиже мен ілкімді іс бар

610

0

Бүгін Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжанов облыстық коммуникациялар қызметінде ауданда 2023 жылдың І жартыжылдығында атқарылған жұмысы туралы брифинг берді. Ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың барысы, жобалардың іске асуы туралы біраз мәлімет айтылды.

Өңір журналистері дені атқарылып жатқан қат-қабат шаруаға тәнті болып, қызығушылық танытты, оны тікелей эфир кезінде білдірген пікірлерінен, қойған сұрақтарынан айқын аңғардық. Әрине, ел болғасын мәселелер де бар. Бірақ олар біртіндеп шешіліп, ойға алған шаруа оңынан оңғарылуда.

«Ауылына қарап азаматын таны» демекші, біздің өңірге Асқарбек Есжанов басшылық еткелі Жалағашта бірнеше ауқымды жобалар жүзеге асырылып, зәулім ғимараттар бой көтеріп, өңір көркі көріктеніп, әлеуметтің әлеуеті арта түсті. Барлығы халықтың көз алдында. Қаншама нысан пайдалануға берілсе, сол жобалар қазір жалағаштықтар үшін қызмет етуде.

Аудандағы игі істердің қатарында кенттегі газдандыру жұмыстары да бар. Қазір кентті газдандыру жұмыстары толықтай аяқталып, жалағаштықтарға қуаныш сыйласа, енді міне алдағы уақытта ауылдарға да көгілдір отын жеткізілмек. Осыдан-ақ ауданда жүйелі жұмыстың бар екенін аңғаруға болады.

Қазіргі таңда Ақсу елді мекенін газдандыруға байланысты жоба қолдау тауып, 2023 жылдың бюджетіне қаржыландыруға енгізіліпті. Сондай-ақ М.Шәменов елді мекенін газдандыру үшін ЖСҚ әзірленіп, сараптамадан өткізіліп жатыр екен. Міне, әлеуметтік-экономикалық даму, аудан халқының әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды жетілдіру секілді мәселер күн тәртібінен түспейтінін анық байқауға болады.

Жол жайы да көңіл көншітіп тұр. Жол құрылысы соңғы жылдары әсіресе ауылдарда қарқын алып, сапасы сын көтермейтін бірқатар көшелер ой-шұқырдан арылды. Бұл ретте қажетті қаражат қаралып, ауылдардағы ішкі көшелер күрделі және орташа жөндеуден өтті. Тіпті елді мекендерді аудан орталығымен байланыстыратын жол да назардан тыс қалмады. Кентте бір мезетте 10 көше күрделі және орта жөндеуден өтіп жатыр. Теміржол бойынан өтетін аспалы көпір құрылысы да басталды. Бір сөзбен айтқанда құр сөзден гөрі орындалып жатқан жобалар қатары жетерлік. Әрине, бұл жұмыстардың барлығы өңір келбетін арттырып, ел игілігі үшін жасалуда.

Сондай-ақ облыс әкімінің тұрғындардың өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар бақша өнімдерімен қамтамасыз етуін қалыптастыру туралы тапсырмасына сәйкес, биыл 500 гектар жерге 921 отбасы 217,3 гектар картоп, 63 гектар көкөніс, 219,7 гектар бақша дақылдарын орналастырған. Бұл дегеніміз ауыл тұрғындары үшін үлкен қолдау мен мүмкіндік болмақ. Яғни азаматтар қыстық азығын осы жерден дайындап алады. Бүгінде олардың алды қауын-қарбызын сабағынан үзіп, алғашқы өнімнен ауыз тиюде.

Иә, ең бастысы жалағаштықтар «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» ауызбіршілік мен тынымсыз еңбектің арқасында біраз жетістікке жететініне сенімі мол.

Жандос Жазкен

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<