Семей тұрғыны танымал мейрамханалардың бірінде тапсырыс берген газдалған сусының ішінен белгісіз зат тауып алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Курсив басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Әйел сусынның ішіндегі насыбай деп болжады. Ал мейрамхана иесі Мадина Мальтекбаева бөтелкенің ішіндегі зат үшін жауап бермейтінін мәлімдеген.
Семей тұрғыны Threads желісінде пост жариялап, танысы бөтелкедегі Coca-Cola-дан насыбай тауып алғанын жазды.
«Енді мейрамханаға барғанда ішінде насыбай қосылған сусын алып келсе, өзіңіз жауапты боласыз. Сондай-ақ тамақты да әкімшілік емес, өзіңіз тексеруіңіз керек. Кеше Boho мейрамханасында танысым жағымсыз жағдайға тап болды. Мейрамхана иесі бұл жағдайға жауап бермейтінін айтқан», – деп жазды Карина есімді қолданушы.
Зардап шеккен әйел Cola қалдықтары бір бөтелкеге біріктіріліп, сосын оған насыбай қосылған деп болжайды.
«Қандай қорқынышты. Сол сәтте басымыз айналып кетті, шай сұрадық. Ал кейін не болғанын түсіндік. Официант өзі бөтелкені алған кезде оның майысқанын байқаған, яғни бөтелке ашылған болып тұр. Ал әкімші бізді бөтелкені тексермегеніміз үшін кінәламақ болды. Бірақ адам мейрамханаға келгенде асханаға, сусынға, барға сенуі керек. Біз, қонақтар ретінде, мейрамхананың процестерін бақылауға міндетті емеспіз», – деп жазды әйел.
Boho Melnitsa-ның ресми Instagram парақшасында кешірім сұраған пост жарияланды. Мейрамхана 10 жылдық жұмысында мұндай жағдай алғаш рет болғанын айтты. Алайда бөтелкедегі өнімнің мазмұны үшін жауапкершілік алмайтындарын жеткізді.
«Біз өзіміз өндірмеген, бөтелкеленген өнім үшін жауап бермейміз, ол қонаққа берілген кезде жабық болды және қонақ бөтелкені өзі ашқан. Қазір жеткізушілермен тексеру жүргізіліп жатыр, бізде барлық түбіртек сақталған. Егер Coca-Cola бөтелкесі алдын-ала ашылған болса, газ жоқтығы және дәмінен бірден байқалар еді», – делінген жазбада.
Сондай-ақ оқиға күні барда және залда тек қыздар жұмыс істегені айтылды. Қазіргі уақытта ішкі тексеру жүргізіліп жатыр, бөтелкені қонақ ашқан соң басқа біреу оған жақындап, ішкен немесе қасақана бірдеңе қосқан, қоспағаны анықталуда.
Boho Melnitsa иесі Мадина Мальтекбаева Instagram-дағы аккаунтында да клиенттерге және жазылушыларға үндеу жасады. Ол бұл жағдайға күлкілі деп баға берді.
«Шынымды айтсам, не күлерімді не жыларымды білмей тұрмын. Жағдай түсініксіз. Мен мейрамхананың иесімін, тамаққа жауап беремін. Бірақ фирмадан келген «кола» үшін жауапты емеспін. Егер бастапқыда бөтелке ашылған болса, олар айтуы керек еді. Кола кеше таңертең ғана жеткізілген еді. Бізде жарамдық мерзімі өтіп кеткен тауарлар болмайды», – деп жазды ол.






