«Наурыз» атты жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды

453

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Баспаналы болуға ниеттеніп жүрген жандар үшін қуанышты жаңалық. Елімізде «Наурыз» атты жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Жаңа бағдарламаға барлық қазақстандықтың қатысуына мүмкіндік бар.

Тұрғын үй бағдарламасына қатысуға өтінімдерді қабылдау 30 маусымға дейін жалғасады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Отбасы банкі» АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Әділжан Сәулебаев хабарлады.

– Мемлекет басшысы Атырауда өткен ұлттық құрылтайда «Наурыз» атты жаңа тұрғын үй бағдарламасының қосылатындығын хабарлаған болатын. Қазіргі таңда жаңа бағдарламаға өтінім қабылдау басталып кетті. Өтінімдерді «Баспана маркет» порталына жолдауға болады. «Наурыз» бағдарламасының негізгі шарттары мынадай: алғашқы жарна – 20 пайыздан басталады, азаматтардың барлық санаттары үшін несиелеу мөлшері 9 пайыз, ал әлеуметтік осал санаттағы жандар үшін 7 пайыздан басталады. Несиелеу мерзімі – 19 жыл. Бұл бағдарламаға барлық санаттағы азаматтар қатыса алады. Бағдарламаға қатысу үшін отбасы банкінде депозит шотын ашу керек, бірақ салым мерзімі ескерілмейді. Жинақ шотында кемі 1 млн теңге көлемінде қаражат болуы керек. Бұл қаржыны бағдарламаға қатысуға өтініш берер алдында аударуға болады. Сондай-ақ, соңғы 5 жыл ішінде азаматтардың және оның отбасы мүшелері меншігінде тұрғын үйдің болмауы тексеріледі. Жаңа тұрғын үй бағдарламасы 8 жылға арналған. Осы уақыт аралығында еліміздегі 68 мыңға жуық азамат қоныс тойын тойлайды деп жоспарлануда, – деді Әділжан Рахымжанұлы.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<