«Наурыз» бағдарламасы бойынша заемды онлайн рәсімдеуге болады

644

0

Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

«Наурыз» бағдарламасы бойынша төлем қабілеттілігін онлайн бағалатып, кредиттік өтінімді онлайн жолдап, заемды онлайн рәсімдеуге болады.

Отбасы банк («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) жаңа тұрғын үй бағдарламасының қатысушыларына, жалпы өзінің барлық клиенттеріне тұрғын үй сатып алу мақсатымен бөлімшелерге бармау үшін қолайлы жағдай жасап қойған. Онлайн-ипотека уақыт үнемдеуге және банк филиалдарында ұзын-сонар кезекте тұрмауға мүмкіндік береді.

Бұл қызметті пайдалану арқылы қаражатыңызды да үнемдей аласыз. Себебі, заемды қашықтан рәсімдеу кезінде кредиттік өтінімді қарастыру үшін ақы алынбайды. Ал несие беруді ұйымдастыру қызметі үшін банк қарыз алушыға 50% жеңілдік беріледі.

Төлем қабілеттілігін тексеруден бастап несие алғанға дейін клиентті жеке менеджер сүйемелдеп жүреді. Ол қолдау көрсетіп, кеңес беру үшін әркез байланыста болады.

Сервисті пайдалану үшін бейнебанкинг қызметі арқылы Отбасы банкінің ресми сайтында немесе Баспана маркет порталындағы (otbasybank.kz) жеке кабинетте бейне операторға қоңырау шалу қажет.

2024 жылдың 15 шілдесінде Отбасы банк «Наурыз» бағдарламасына қатысушылардың тізімін жариялады. 12 500 қазақстандық «Наурыз» бағдарламасы қатысушылардың тізіміне енгені туралы көптен күткен ақжолтай жаңалық алды (өтініш берушілердің толық тізімі Отбасы банкінің ресми сайтында жарияланған).

Енді «Наурыз» бағдарламасының қатысушылары Отбасы банкіне кредиттік өтінім берулері тиіс. Ол үшін банк клиенттерге барынша қолайлы етіп бұл мерзімді қыркүйек айының ортасына дейін ұзартты. Осы арада уақыт пен қаражатты үнемдеу үшін аталмыш операцияны онлайн режимінде жасауға болады. Яғни банк бөлімшелеріне келудің қажеті жоқ.

Бүгінгі таңда «Наурыз» бағдарламасы бойынша 2 мыңнан астам адам төлем қабілеттілігін растады. Енді олар несиелік өтінім беріп, баспана таңдап, заем алулары қажет. Бұл мүмкіндіктен «Наурыз» бағдарламасына қатысушылар да шектелмейді. Олар биылғы жылдың желтоқсан айының ортасына дейін баспана сатып ала алады.

«Наурыз» бағдарламасы бойынша заемдар 2024 жылдың 24 шілдесінен бастап берілетін болады.

«Наурыз» бағдарламасы аясында тұрғын үй сатып алу бойынша келесі шарттар ұсынылады:

— алғашқы нарықтағы тұрғын үй, оның ішінде ҚТК кепілдігімен үлестік қатысу шарты және сақтандыру құралы бойынша;

— моноқалалар мен ауылдық елдімекендерде екінші нарықтағы тұрғын үй, жылына бөлінген қаражаттың жалпы көлемінің 30%-нан аспайтын көлемде.

Заемның ең жоғарғы мөлшері:

— Алматы мен Астана қалалары үшін — 36 млн теңгеге дейін.

— қалған өңірлер үшін — 30 млн теңгеге дейін.

Бағдарламаға қатысушы бастапқы тұрғын үйді Баспана маркет порталынан (otbasybank.kz) таңдап, брондай алады. Қазіргі уақытта банк Баспана маркет порталында (otbasybank.kz) «Отау» бағдарламасына қатысушылар үшін де, «Наурыз» бағдарламасына қатысушылар үшін де 13 172 пәтерден тұратын 490 тұрғын үй кешені ұсынылған. Бұл тізім күн сайын толықтырылып отыр.

«Наурыз» бағдарламасының шарттары:

— алғашқы жарна — 20%-дан бастап;

— тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме — 7% (ЖТСМ 7,3%-дан 8,9% дейін);

— азаматтардың барлық санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме — 9% (ЖТСМ 9,3%-дан 11,8% дейін);

— несие мерзімі — 19 жылға дейін.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<