Соңғы бір жылда маркетплейстер арқылы сауда көлемі қалай өзгерді? Шағымдар саны артты ма? Реттеу шараларын енгізу жоспарланып отыр ма? Бұл сұрақтарға Сауда және интеграция министрлігі жауап берді.
2024 жылдың қорытындысы бойынша электронды сауда нарығының көлемі 3,2 трлн теңгені құрады, өсім +33% (+0,8 трлн теңге) болды. Онлайн-сауданың дамуымен бірге электронды сауда саласында тұтынушылар құқықтарының бұзылу жағдайлары да артып келеді. Осы салаға қатысты тұтынушылар шағымдарының үлесі жалпы арыздар санының шамамен 22 пайызын құрады, олардың ішінде шамамен 2 пайызы шетелдік маркетплейстерге қатысты шағымдар. Шағымдардың негізгі мазмұны – тауар және сатушы туралы ақпараттың болмауы, ұсынылған тауардың сипаттамаға сәйкес келмеуі, интернет-сайттардың тауарды және ақшаны қайтарудан бас тартуы, сондай-ақ алаяқтық фактілерінің жиілеуі, – делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Атап айтқанда, бұл мәселелер шетелдік маркетплейстер (AliExpress, Alibaba, TEMU, 1688 және басқалары) мен сатушылардың заңды түрде Қазақстан Республикасының аумағында орналаспағандығынан туындап отыр.
Сонымен қатар, Қазақстанда электронды сауданың ашықтығын қамтамасыз ету және құқықтық базаны күшейту мақсатында келесі негізгі бағыттар бойынша жұмыстар жүзеге асырылып жатыр:
- Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында тиісті заң жобасы әзірленді, онда бірқатар тың өзгеріс қарастырылған.
Электронды сауда алаңдарында ішкі ережелері болуы керек және тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытында заңнаманың сақталуын қамтамасыз етуі үшін сатушылармен шарттар жасасуы тиіс. Бұл ережелер тауар туралы шынайы ақпаратқа, кепілдіктерге, жеткізуге, қайтаруға және өнімнің қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды қамтиды.
Бұл алаңдар өтініштерді қабылдау сервисін қамтамасыз етіп, сауда талаптары бұзылған жағдайда сатушыларға қатысты шаралар қолдануы тиіс.
Сонымен қатар, осы платформалар сауда мен жарнама туралы деректерді бір жыл бойы сақтауға және техникалық ақаулар туралы пайдаланушыларды хабардар етуге міндетті. Түзетулер пакеті Парламент Мәжілісінде бірінші оқылымнан өтті.
- Қабылданған жаңа Салық кодексі аясында келесі шаралар көзделген:
– халықаралық маркетплейстер бойынша электронды саудамен айналысатын шетелдік компаниялардың тіркелуі және салықтарды төлеу жөніндегі міндеттемелерін орындауына қатысты қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету шараларын күшейту бөлігінде түзетулер енгізілді.
Салық бойынша міндеттемелер орындалмаған жағдайда, интернет-ресурсты бұғаттау туралы шешім қабылданады.
– интернет-алаңдардың иелері сатылған тауарлар, көрсетілген қызметтер және жеке адамдарға жасалған төлемдер туралы мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына ұсыну қағидалары бекітілді.
Айта кетейік, Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі шетелдік маркетплейстерден сатып алынып, электронды саудаға салынатын тауарларды әкелудің жаңа тәртібі мен шарттарын бекітті.






