Өнер жұлдыздары ХҚКО қызметкерлерін алмастырды

251

0

Өнер жұлдыздары ХҚКО қызметкерлерін алмастырды Жұлдыздардың Халыққа қызмет көрсету орталығындағы бір күні!
Бүгін елімізде әншілер мен тележүргізушілердің қатысуымен осындай акция өтті. Олар аталмыш мекемедегі кеңесшілер мен операторлардың орнына отырып, жұмыс жасады. Мақсат – танымал тұлғалар арқылы мемлекеттік қызмет түрлерін көпшілікке кеңінен таныстыру, соңғы жетістіктерді қолдануға шықыру. Ерекше науқанға алғаш болып Астана, Алматы және Ақмола облысының тұрғындары куә болды.
Көптің ортасында болу эстрада әншілері мен тележүргізушілер үшін үйреншікті жағдай. Тек бүгінгі күн олардың кәсіби қызметтерімен аса байланысты емес. Басты кедергі де осы болды.
Әнші Құрмаш Махановты бір жағынан түсінуге болады. 600-ден астам қызмет түрін аз уақытта игеріп алу кез-келген адамға оңай емес.
Құрмаш Маханов, мәдениет саласының үздігі:
– Сан мыңдаған адам таң атқаннан кеш батқанға дейін келіп жатады. Неше түрлі проблема, сұрақтармен келіп жатады. Менің жасап жатқаным ең қарапайымы – мекенжай анықтамасын беру. Одан кейін ары қарай күрделене береді. Оңай емес бұл жұмыс.
Қыдырәлі Болманов та бүгін мемлекеттік қызметші міндетінде. Ол Астанадағы мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығында болды.
Қыдырәлі Болманов, әнші:
– Біреу үй сатып алады. Құжатты тіркеу керек дегеннің барлығы осы ХҚКО-да шешіледі. Соны тағы да бір айғақтап, халыққа жеткізіп, жұмыс тез-тез және ұйымдасқан болуы халыққа өте қажет жұмыс деп есептейміз. Сондықтан елге қажетті болғаннан кейін біз осындамыз.
Мұрат Жұманбай, «Азаматтарға арналған үкімет» МК департамент директоры:
– Бүгінгі акцияның тағы бір мақсаты жұлдыздарды тарту арқылы мемлекеттік қызметтерді Халыққа қызмет көрсету орталықтарына келмей-ақ электронды форматта үйде отырып немесе кез келген ыңғайлы жерде алуды насихаттау болып табылады.
Бірегей акция Алматы облысында да жалғасын тапты. Онлайн жүйесінің мүмкіндіктерін насихаттап, заманауи технология жетістіктерімен таныстыру жауапкершілігі әнші-композитор Марат Омаровқа жүктеліпті. Танымал әнші Қарасай аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істеді.
Марат Омаров, ҚР Еңбек сіңірген әртісі:
– Бір жағынан, өзіміз де үйреніп жатырмыз. Оны үйде отырып та істеуге болады. Себебі, әрбір адамның өзінің ұлттық коды болады. Сол арқылы анықтамалар алуға болады. Өте ыңғайлы.
Жұлдыздармен өткен бір күндік акцияның мақсаты – жұрттың компьютерлік сауаттылығын арттыру. Себебі 2020 жылға қарай ел халқының 80 пайызы цифлы сауатты болуы тиіс.
www.24.kz

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<