Өнерлі өрендердің жеңісі

140

0

Шымкент қаласында өткен республикалық сайыстан Жалағаш ауданының өнерлі өрендері жүлделі оралды. Аудандық балалар әуез мектебі домбыра класының оқушылары «Аспапта орындау» номинациясы бойынша топ жарып отыр.

Байқау барысында олар сирек орындалатын тарихи күйлерді тартып, көпшілік көңілінен шыққан. Қазылар алқасы да балалардың талантын жоғары бағалаған. Нәтижесінде сайысқа қатысқан Ақниет Төремұрат, Еңлік Қайрақ ІІ, ІІІ орындарды иеленді. Балнұр Құрақбай, Ақмоншақ Жамбылқызы мен Аңсаған Ділдәбекқызы да бағалы сыйлықтарға ие болды.

Айта кетейік, аудандық әуез мектебіндегі домбыра үйірмесінде барлығы 32 бала дәріс алады екен. Бұдан бөлек, бұл мектепте жастарды өнерге, шығармашылыққа баулитын түрлі үйірмелер жұмыс жасайды және олардың қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Бүгінде мұнда тәжірибелі мамандар, жоғарғы білімді ұстаздар дәріс беруде.