Несие және басқа да қарызын төлемей жүрген 7 млн борышкер бар

503

0

7 млн-нан астам отандасымыздың берешегі бар. Оның қатарында, несие, микрокредиттік агенттіктер алдындағы қарызы, коммуналдық төлем мен алимент бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде елімізде 7 млн-нан астам борышкер бар. Олар тек банк пен коллекторлық агенттіктерге қарыз емес, коммуналдық төлемдер, алимент бойынша да берешектері бар азаматтар. Ал банктер мен микрокредиттік агенттіктердің алдында 1,5 млн адам берешек. Төлемді өтеу мерзімі 3 айдан асып кетсе, ол азамат берешектер тізіміне енгізіледі. Берешек бойынша мәселені кірістер комитеті сотқа жеткізбей шешу амалдарын ұсынады. Нәтиже болмаған жағдайда сот арқылы шешуге тура келеді», – деді ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Сенатта өткен дөңгелек үстел барысында.

Оның айтуынша, қазақстандықтардың дені несие бойынша берешек.

«Берешегі көп өңірлер қатарында Түркістан, Алматы облысы және ШҚО бар. Аталған өңірлерде халық саны көп, сондықтан да қарызданушылар молынан шоғырланған», – дейді ол.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сұлтанбек Мәкежановтың мәлімдеуінше, бүгінде 3 млн-ға жуық адамның коммуналдық төлем бойынша 20 млрд теңге қарызы бар.

Одан бөлек, 791 мың адамның 20 млрд теңгеге салық қарызы өтелмеген.

Айта кетсек, бүгін Сенат қабырғасында азаматтардың төлем қабілеттілігі және банкроттығы туралы заң жобасын қабылдап, орындалу процесі талқыланды.

Бұған дейін қаржы вице-министрі алимент кешірілетін қарыздар қатарына жатпайтынын айтты.

Сондай-ақ, Қазақстанда банкрот мәртебесін алған азаматтарға 5 жылға дейін несие бермеу қаралып жатыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<