Нигерияның солтүстік-батысындағы Замфара штатында жолға орнатылған екі минаның жарылуы салдарынан тоғыз адам қаза тауып, бірнеше адам жарақат алды. Бұл туралы Анадолу агенттігі жазды.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, оқиға Магани — Дансадау автожолында болған. Екі мина да жолдан көліктер өтіп бара жатқан сәтте іске қосылған.
Замфара штаты полициясының баспасөз хатшысы Язид Абубакар жарылыстар фактісін растады және оқиға орнына қауіпсіздік күштерінің тез арада жіберілгенін хабарлады. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Нигерия бірнеше жыл бойы елдің әртүрлі аймақтарында қауіпсіздік мәселелеріне тап болып отыр. Қарулас қылмыстық топтардың шабуылдарына қоса, елде «Боко Харам» террористік ұйымы мен Батыс Африкадағы ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған – ред.) бөлімшесі — ISWAP белсенділік көрсетіп отыр.
Айта кетейік, Жапонияда 67 көліктің қатысуымен ауқымды жол апаты болды. Ал Филиппинде жол апатынан 11 адам қаза тауып, 3 адам жараланды.






