Үкімет инвестицияларды ынталандыру және экономиканы әртараптандыру жөніндегі белгіленген жоспарларды іске асыруды жалғастырады.
«Қазақстанда мұнай-газ химиясы, машина жасау, металлургия және АӨК жоғары деңгейде қайта өңдеудің 17 ірі жобасын іске асыру басталды. Экономикаға үлкен инвестициялар құйылуда. Биыл Мемлекет басшысының тұрғын үй құрылысы, өңірлерді газдандыру, ТКШ жаңғырту, көлік инфрақұрылымы бойынша ауқымды бастамаларын іске асыру аясында ғана экономиканы қаржыландыру 2 трлн теңгеден асты. Осы жылы жалпы сомасы 40 трлн теңгеге жуық Ұлттық инфрақұрылымдық жоспарды 2029 жылға дейін іске асыру басталды. Жыл соңына дейін Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба қабылданады. Фермерлерді қолдау жалғасуда. Келесі жылы көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру 700 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Бүгінгі таңда фермерлерден өтінімдер қабылдануда, олар 5%-дық жеңілдігі бар қаржыландырумен қамтамасыз етіледі», – деді баспасөз мәслихатында журналистер сұрағына жауап берген Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.
Сонымен қатар Үкімет экономикаға шетел капиталын тарту бойынша шараларды күшейтті. Сондай-ақ бизнес үшін жағдайды жақсарту және экономиканы ырықтандыру бойынша жүйелі жұмыс жалғастырылады. Үкіметтік бағдарламаларды іске асырудан экономикаға шетел валютасының түсуі валюта нарығына тұрақтандырушы әсер етеді әрі экономиканың одан әрі өсуіне ықпал етеді деп күтілуде.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<