Ресейлік БАҚ-та қазақстандық танымал әзілкеш Нұрлан Сабыровқа Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынғаны жөнінде ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
SHOT басылымының мәліметінше, Нұрлан Сабыровқа Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынған. Хабарламада стендап-әртіс Дубайдан ұшып келіп қонғаннан кейін Мәскеудегі Внуково әуежайында ұсталғаны айтылады.
“34 жастағы әзілкеш Fly Dubai рейсімен елордаға ұшып келген. Ол Әмірліктерге автокөлік компаниясының жарнамасын түсіруге барған. Паспорттық бақылаудан өту кезінде Сабыровты бөлек бөлмеге алып кіріп, Ресейге кіруге тыйым салынғаны туралы құжат табыстаған”, – делінген хабарламада.
Бұған дейін Екатеринбург, Омбы, Нижний Тагил, Обнинск, Қорған, Рязань және Обнинск секілді Ресейдің бірнеше қаласында Сабыровтың концерттері өтпейтін болған еді. Ұйымдастырушылар мұны “қарсы тұруға болмайтын жағдайларға” тап болғанын түсіндіріп, көрермендерге билет ақшасы 180 күн ішінде қайтарылатынын уәде еткен.
Telegram-дағы Baza арнасының деректеріне сәйкес, мұндай шешімге оның бұған дейінгі жасаған құқықбұзушылықтары және Украинадағы соғысқа қатысты сыни пікірлер айтқаны себеп болуы мүмкін. Тыйым 30 қаңтардан бастап күшіне енгені айтылады.
“Мұндай шешім СВО-ны сынауы, көші-қон және салық заңнамалары бұзылғандықтан қабылданды”, – деп жазады басылым.
Ал Mash ақпараты бойынша, қазір Сабыров Внуково әуежайында екен, қайта кері қайта алмай отырған көрінеді.
“Әзілкешті әуежайдағы тексеріс кезінде тоқтатып, Ресейге кіруге рұқсат бермеген. Енді Нұрлан өзі келген Дубайға да қайта ұша алмай отыр, өйткені билет алуға ақшасы жоқ”, – делінген.
РИА Новости мәліметінше, шешім “елдің ұлттық қауіпсіздігі мүддесі үшін” қабылданған.
“Комик Ресейде тапқан қаражатын делдалдар арқылы жылыстатқан. Сабыров Ресейде құны 60 миллион рубльден (380 миллион теңге) асатын мүлікке ие”, – деп жазды басылым.






