Нұрлыбек Нәлібаев: «Ашықтық – әділетті қоғамның ұстанымы»

77

0

Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті, тәуелсіз еліміздің экономикалық дамуына кедергі келтіретін әлеуметтік кеселдің бірі. Бұл қасірет әлемдегі барлық елдің болмысында бар, ол алаңдаулы дерт.


Осы маңызды мәселе тұрғысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың пікірін білдік, сұхбат барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары ашық айтылды. Оның ойлы мазмұнын оқырман назарына ұсынамыз.


– Нұрлыбек Машбекұлы, жемқорлық жағдайы белең алған қай сала болсын, кемелдігіне кедергісі көп. Жемқорлықтың жолын кесу үшін аймақта қандай тың тәжірибе бар?


– Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында барлық саладағы негізгі ұстанымымыз – адалдық, ашықтық және теңдік қағидатына негізделуі керек екенін атап өтті.

Бұл ретте, барлық мүдделі мекеме мен жергілікті атқарушы органдар өз міндетін мінсіз атқару жауапкершілігін сезінуі керек.


Ашықтық пен әділеттілік – әрбір мемлекеттік қызметшінің басты қағидасына айналып, жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік көзқарасын ұстанып, елге адал қызмет етуге міндетті.


Жасыратыны жоқ, сыбайластық сипаты түрлі деңгейдегі сатып алу рәсімдерін өткізу барысында байқалады. Сондай сыбайластық қылмысқа жеткізбеу үшін тегеурінді талап қоюға тиістіміз.

Мысалы менің тікелей тапсырмаммен биылдан бастап мемлекеттік сатып алу басқармасының құзыретін кеңейтіп, мемлекеттік сатып алудың орталықтандыру процесін қолға алдық.

Басқарма әкімшілігі конкурстарды өткізудің тікелей ұйымдастырушысы ретінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуына және сатып алу процедураларының ашық өтуіне тікелей жауапты.


Қала және аудан әкімдіктері, жергілікті мекемелер мемлекеттік сатып алу процестерінен босатылып, жүктемелері азайтылды.

Бақылаудың тиімді тетігін енгізу арқылы олар жемқорлық тәуекелдерінен қорғалды.

Бүгінгі күнге аудан, қала әкімдіктерінде сыбайлас жемқорлық сипатындағы кемшіліктер орын алған жоқ.


Жаңашыл бақылау тетігін енгізу нәтижесінде камералды хабарламалар саны 30%-ға, әкімшілік жауапкершілік 49%-ға, шағымдар саны 39%-ға төмендеді.

Аталған тәжірибе алғаш рет Қызылорда облысында қолданылып, қазір өзінің тиімді әрі дәйекті дәлелін көрсетті.


Сонымен қатар, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментімен бірлесіп ішкі және сыртқы талдаулар жүргізу арқылы орын алған кемшіліктерді уақтылы түзеп, мемлекет мүддесіне қайшы келетін әрекеттерге жол бермеуге күш салып келеміз.

Әрине, әрбір тапсырма дер шағында орындалуымен құнды, нақты нәтижесімен маңызды.


Ел Президенті жаңа жүйенің жүзеге асуына қатаң талап қойды. Сондықтан бұл міндет баршаға ортақ, оны орындауда аса зор жауапкершілік сұралады.


– 2023 жылдың 9 айында 22 сыбайлас жемқорлық дерегі тіркелген екен. Қарапайым халық мұның көпшілігін мемлекеттік сатып алу процесінде болған деп болжайды. Мұның нақтылығы қандай?


– Өткен жылдың осы мерзімінде облыс бойынша әртүрлі салаларда 66 дерек тіркелген еді. Бұл көрсеткіш табанды жұмыстың тиімділігі көрсеткендей, биыл айтарлықтай азайды. Себебі, әлгінде айтқандай, бақылаудың басымдығы, орталықтандырған жүйенің озық дәстүрі.


Бүгінгі күні, веб-порталда 1041 тапсырыс берушімен 85553 сатып алу жоспарланып, жүзеге асырылуда.


Ағымдағы жылдың 9 айында облыс бойынша барлығы 4171 мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, 2022 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 40 пайызға ұлғайды. Бір ескеретін жәйт, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасымен ұйымдастырылған конкурстар 10 есеге артты.


Мемлекеттік сатып алу саласындағы заң бұзушылықтарды болдырмау, алдын алу мақсатында, қала, аудан әкімдіктерінің және облыстық басқармалардың мамандары үшін 100-ге жуық түрлі форматты оқыту шаралары ұйымдастырылды.


– Еліміз бойынша бастауыш сынып оқушылары толықтай ыстық тамақпен қамтылып келеді. Бұл оңтайлы бастаманың аймақтағы ахуалы қалай?


– Орынды мәселе. Бүгінгі басты назарда – мектептегі бастауыш сынып оқушыларының ыстық тамақпен толық қамтылуы тұр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биылдан бастап мемлекеттік мектептердің 71 мыңға жуық 1-4 сынып оқушыларына 100 пайыз тегін ыстық тамақ беріліп келеді.


Бұдан бөлек, әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасында тәрбиеленетін 5-11 сыныптағы 17 мыңнан аса оқушы да тегін тамақтанады.

Баланың тамағынан ақша үнемдеп, пайда көру кешірілмес күнә. Балаға арналған ақша тек балаға ғана жұмсалуы қажет.


– Білім беру мекемелерінде еңбекақы төлеу мен кәсіпкерлік мақсатында жер телімін беру салаларында сыртқы талдаулар жүргізілген екен. Осы жөнінде айтып өтсеңіз…


– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жоғары деп танылған бағыттарға мән беріп, негізгі қызметін өңірлік «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасы» бағытында іске асыруда.

Өңіріміз бойынша бұл Картаға рәсімдердің ашық болмауына, әкімшілік кедергілерге және мемлекеттік қызметшілердің өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамауына байланысты халық пен бизнесті толғандыратын көкейтесті мәселелер енгізілген.

Олар: ауыл шаруашылығы, жер, жол және инфрақұрылым, олигополиялар, білім беру және кәсіпкерлік саласы.


Қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында департамент өз қызметінде жаңа тәсілдерді қолдануда.

Негізгі мақсаты – қылмыстың жасалғанын немесе мемлекет қаржысын жымқырғанын күтпей, керісінше оларды болдырмау үшін шұғыл шараларды қабылдап, оларды бірлесіп жою үшін жергілікті атқарушы органдардың назарына ұсынуды қолға алған.


Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің өндірісінде 2022 жылы 85 қылмыстық іс болған. Олардың 71-і сотқа жолданды, 39 тұлғаның сыбайлас жемқорлық қылмысы әшкереленді.

Бұл істер бойынша бірнеше жылдан бері тергеу амалдары жүргізіліп, сот шешімдері шығарылуда.


2023 жылдың осы кезеңінде Жаңақорған ауданының білім саласы бойынша барлығы 46 қылмыстық іс қозғалған. 15 қылмыстық іске қатысты сот үкімі шыққан, 1 қылмыстық іс Қызылорда облысының полиция департаментіне жолданған.

Қалған 30 қылмыстық іс (26 күдіктіге қатысты) бойынша Жаңақорған ауданы бойынша білім бөлімі» КММ-нің өкілдері мен бөлімге бағынысты 23 мектептің 24 есепшілеріне қатысты аса ірі мөлшерде бюджет қаржысын жымқыру дерегі бойынша ҚР ҚК-нің 189-бабының 4-бөлігінің 2) тармағымен қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталып, Жаңақорған аудандық сотында қаралуда.


Сонымен қатар, әрбір мекеме өздері ішкі талдау жұмыстарын жүргізіп, сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алуда.


Қызылорда облысының мемлекетік сатып алу басқармасына ішкі талдау жүргізу барысында басқарманың бөлім басшысы қаржы құжаттарына қол қою құқығы ретінде басқарманың есепші міндетін атқара отырып, 2022 жылы және осы жылдың қаңтар, ақпан және наурыз айларында өзінің жеке есеп шотына артық қаржы аударғандығы белгілі болып, тергеу нәтижесімен сот үкімі шықты.


Ауыл шаруашылық саласын субсидиялауға байланысты өткен жылы көп эпизодты 1 қылмыстық іс тіркеліп, кінәлілер өз жазаларын алды.


Алдағы уақытта жоғарыда атап өткен бірлесіп атқаратын жұмыстардың нәтижесінде, сыбайлас жемқорлық қылмыстарының саны азаятындығына сенімдімін.


– Мемлекет тарапынан жастарды қолдау мол мүмкіндікке ие. Әсіресе, мемлекеттік қызметке қабылдауда белсенділік бар. Сіздің ойыңызша, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін жас мемлекеттік қызметші қандай болуға тиісті? Оларға сіздің ақыл-кеңесіңіз…


– Ең бірінші – жұмысын адал атқару, елінің патриоты болу керек. Екіншіден, атқарған қызметі үшін алғыс күтпеу қажет. Жастар мемлекеттік қызметте жүріп, қыруар ақша таппайтынын түсінуі керек. Мансап пен мақсат жолында бәріне бірдей талап бар, басты бағыт – елге қызмет ету.


Сыбайластық сипаты болған жерде халық сеніміне селкеу түседі. Сондықтан жастар, тұрғындар арасында сананы сергіту, ой тазалығын ұстану секілді шаралардың септігі мол.

Осы орайда сыбайлас жемқорлық қарсы мәдениетті қалыптастыру өте маңызды. Бүгінде бейнероликтер мен аудиороликтер әзірленіп, телевидение мен әлеуметтік желілерде, халық көп шоғырланатын орындарда, әуежай, автовокзал және теміржол вокзалдарында кеңінен таратылуда.


Рухани дүниенің де риясыз ықпалы бар. Мысалы, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында қойылған А.Жапаровтың «Әйел тағдыры», М.Сәрсекеновтың «Тендерге түскен келіншек» спектакльдерінің әсері елеулі. Оны арнайы барып көрген көрермен іштей ой түйеді.


Сол секілді «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптастыру жолдары» тақырыбындағы үздік мақала конкурстары қоғам дертіне деген қарсылықтың шығармашылық көзқарасы.


«Халық заңгері» жалпы республикалық акциясы аясында 500-ге жуық облыс тұрғындарына тегін құқықтық кеңес берілді.


– Жемқорлықты жалғыз адам жаншып тастай алады деп айту қиын. Бұл күресте де бірлік керек секілді…


– Дұрыс айтасыз, сыбайлас жемқорлық қоғамды әділетсіздікке ғана ұрындырып қоймай, елдің тұрақтылығына, экономикамыздың дамып, жетілуіне кері әсерін тигізеді, халықаралық деңгейде елдің жағымсыз имиджін қалыптастырады.

Сыбайлас жемқорлық қазақ қоғамына жат, теріс пиғылдан арылу ар тазалығына байланысты.
Жемқорлыққа қарсы күрес жан-жақты, үздіксіз, ашық әрі әділетті түрде жүргізілуі тиіс. Біз сонда ғана алға қойған биік мақсаттарға қол жеткізе аламыз.


Халықтың әл-ауқатын көтеру – біздің басты міндетіміз. Жетістікке жету үшін ең бірінші әрбір саланың, тіпті маманның, нақтысы, қоғамның қолдауы аса маңызды.

Біздің бүгінгі бағдарымыз – елмен біргеміз, қоғаммен тығыз байланыстамыз. Жұмыла көтерген жүк әрқашан жеңіл. Бұл – өмір үлгісі.

– Нұрлыбек Машбекұлы, арнайы уақыт бөліп, кең көлемде сұқбат бергеніңіз үшін алғыс білдіреміз! Сізге үлкен рақмет!

Айдар САЙЛАУОВ,
«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<