ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ ҚЫРАҒЫ БАҚЫЛАУДА

270

0

ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ  ҚЫРАҒЫ БАҚЫЛАУДА Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ұлбосын Аханае­ваның қатысуымен брифинг өтіп, саланың биылғы 8 айда атқарған жұмыстары сараланды.
Департамент басшысының баяндауынша, осы жылдың есепті мерзімінде облыс көлемінде жұқпалы аурулардың өсуі байқалмаған. Керісінше, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда жұқпалы аурулар бойынша аурушаңдық көрсеткіштің 13 нозологиясы бойынша ауру деңгейі төмендеген. Ал, туляремия, күйдіргі, сал, тырысқақ, іш сүзегі, қызылша, көкжөтел, оба, сіріспе секілді бірқатар аурулардың мүлдем тіркелмегені тіпті қуантады.
Есепті мерзімде жедел вирусты гепатиттің А түрінің 21 жағдайы тіркелген. Ауруға шалдыққандардың 62 проценті 14 жасқа дейінгі балалар болып отыр. Облыс бойынша эпид ахуалды тұрақтандыру және ауру деңгейін төмендету мақсатында жергілікті бюджеттен 238,9 млн теңге бөлініп, 47900 доза вакцина сатып алынған. Бүгінгі таңда аталған ауруға қарсы жос­парлы түрде, яғни, 2 жастағы 8066 балаға профилактикалық егулер жүргізіліп, қамту көрсеткіші 74 процентті құраған.
Облыс бойынша менингококк инфек­ция­сының 3 жағдайы тіркелген. Барлығы Жаңақорған ауданында орын алған. Ауруға шалдыққандардың біреуі ересек адам болса, біреуі студент, бірі мектеп оқушысы.
Есепті кезеңде өңірде жедел респираторлы-вирусты инфекциясының 11166 жағдайы есепке алынып, 100 мың тұр­ғынға шаққанда аурушаңдық көр­сеткіш 1458,81-ді құрап, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 15 процентке жоғарылағанымен, орташа респуб­ликалық деңгейден 1,5 есеге төмен болып қалыптасуда.  Зертханалық жолмен нақтыланған тұмау ауруының 123 жағдайы есепке алынды.
– Тұмаудың эпидахуалын тұрақтанды­ру және ауру деңгейін төмендету мақ­сатында жыл сайын жергілікті бюджеттен ауруға қарсы вакцина сатып алуға қаржы бөлінеді. 2017-2018 жылғы эпидмаусымға қаралған қаржы көлемі 19,4 млн теңгені құраса, 2018-2019 жылғы эпидмаусымға бөлінген қаржы 3,4 есеге дейін өсіп, 66,5 млн теңгені құрады. Бүгінгі таңда тұмауға қарсы екпелерге Ресейде өндірілген «Гриппол плюс» вакцинасы пайдаланылады, – деді Ұ.Аханаева.
Конго-Қырым геморрагиялық қызба­сына күдікті ретінде 12 науқас тіркеліп, 3 жағдай зертханалық жолмен нақтыланған. Жалпы, мамандар облыста кене шағу жағдайының 23,5 процентке төмендегенін айтады.
Облыс көлемінде барлығы 1904 тағам нысаны есепте болса, оның 419-ның эпидемиологиялық маңыздылығы жоғары. Есепті мерзімде барлығы 103 нысанға  тексеру жүргізілген.

Айнұр Батталова.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<