Облыс әкімі балықты сырғалау рәсіміне қатысты

466

0

Теңізді өлкенің тыныс-тіршілігі балық шаруашылығымен тығыз байланысты. Облыс әкімі Арал ауданы халқымен кездесуінде де осы мәселеге ерекше назар аударды. Нұрлыбек Нәлібаев соңғы уақытта заңсыз балық аулау әрекеттерінің көбейіп кеткенін айтып, Мемлекет басшысының браконьерлік әрекеттерге тыйым салып, балық өсіріп, оны өндейтін кәсіпорын құруға қолайлы жағдай жасауды тапсырғанын тілге тиек етті.

Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы «Қамыстыбас» балық питомнигіне арнайы барып, цехтың жұмысымен және уылдырық шайқау процесімен танысты. Одан әрі кермеше арқылы балық аулау және сырғалау рәсіміне қатысты.

Өңір басшысы балық шаруашылығының аймақ үшін маңыздылығына тағы бір тоқталып, балық түрлерін көбейтудің маңызды екенін жеткізіп, тиісті жұмыстардың дұрыс үйлестірілуін тапсырды.

– Питомникке қарасты «Қосжар» бөлімшесінде 10 балық өсіру тоғаны бар, оның 3-еуі қыстық тоған. «Тастақ» бөлімшесінде 23 өсіру тоғанын пайдаланып отырмыз. Тоғандардың жалпы ауданы 165 гектарды құрайды. Қазіргі таңда 14 млнға жуық бір жаздық және 420 мың екі жаздық балық шабақтары өсірілуде. Мұнда тұқы, ақ амур және дөңмаңдай деп аталатын балық түрлері бар. Өсірілген балықты теңіз бен Қамыстыбас көліне күз айларында жібереміз. Бір қуаныштысы, былтырғыдай су тапшылығы биыл орын алмады. Тоғандарға су жіберуде әзірге қиындық жоқ, – дейді бас балық өсіруші Шынболат Күлмашов.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<