Облыс әкімі ҚР Әділет вице-министрімен кездесті

735

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр еліне жұмыс сапарымен келген ҚР Әділет вице-министрі Бекболат Молдабековпен кездесті.

Вице-министр ұлттық заңнаманы қалыптастыру және дамыту шеңберіндегі жұмыстардың маңыздылығына тоқталды. Мұнан бөлек, өңірде зияткерлік меншік құқығын қорғау, жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу саласындағы қызметтер сәтті түрде жүзеге асқанын тілге тиек етті.

Әділет министрлігі 119 нөмірі бойынша тегін тәулік бойы құқықтық ақпараттық кеңес береді.

Биыл «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңға өзгерістер енгізіліп, тегін заң көмегін алатын азаматтардың қатары артты. Осы жылдың 11 айында Қызылорда облысында 5 мыңға жуық азаматқа тегін заң көмегі көрсетілген.

Кездесу соңында алдағы уақытта бірлескен жұмыстарды атқару мәселесі пысықталды.

Айта кетейік, ҚР Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді. Іс сапар барысында вице-министр алдымен аймақтың тілшілеріне сұхбат беріп, Конституцияға енгізілген өзгерістерді баяндап өтті.

Жалпы Әділет органдары ұлттық заңнаманы қалыптастыруға және дамытуға, халыққа заң қызметтерін тиімді ұсынуға, зияткерлік меншік құқықтарын қорғауға, атқарушылық іс жүргізуге, сот-сараптамалық қызметті жүзеге асыруға қатысады. Осы ретте қазақстандықтар көптен күткен өзгерістерінің бірі – Конституциялық Сот туралы арнайы Заң күшіне енген болатын. Осыған сәйкес, Конституциялық сот өз қызметін 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастайтын болады. Сонымен қатар вице-министр «Нотариат туралы» Заңға қабылдаған түзетулерге сәйкес, жылжымайтын мүлік пен мәмілені рәсімдеу барысы жеңілдейтінін хабарлады. Яғни, азаматтар мүлкі орналасқан жеріне бармай-ақ республика бойынша кез келген нотариуста рәсімдеуге мүмкіндігі бар.

Өз кезегінде вице-министр Б.Молдабеков Достық үйінде Қызылорда облысының халқымен кездесу өткізді. Кездесуде Конституцияда көрсетілген жаңа Заңның талаптары айтылып, тұрғындар өзекті мәселелерін ортаға салды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<