С.Сүлейменовтың төрағалығымен өткен жиында ауыз су, газдандыру, алдағы жылу маусымына дайындық жұмыстары, электр энергиясымен қамтамасыз ету, құрылыс, жол қозғалысы, әскерге шақырту бойынша ауданда жасалып жатқан жұмыстар кеңінен талқыланды.
Жиынға қатысушы жұмысшы топ өкілдері аталған мәселелер төңірегінде сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Жиын соңында қозғалған мәселелер қорытындыланып, тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.
Серік Жүсіпұлы аудандағы құрылыс нысандарын аралап, қарқынды жүріп жатқан жұмыстармен танысты. Алдымен аудандағы апатты жағдайда деп танылған екі қабатты тұрғын үйдің тұрғындарына арнап салынып жатқан 27 үйдің құрылысымен танысты. Сонымен қатар, Арал қаласындағы 150 орындық аудандық орталық аурухананың және №14 мектептің құрылыс жұмыстарына куә болды. Сондай-ақ, мердігер компания басшыларынан жұмыс барысында қиындық тудыратын мәселелер жөнінде сұрап, құрылыстың сапалы жүргізілуін баса айтты.
Халық игілігі үшін салынып жатқан бұл нысандардың үнемі басшылық назарында болатындығын жеткізіп, уақытылы берілуін қатаң тапсырды.
Айта кетейік, аудандағы бұл құрылысы қарқынды жүріп жатқан нысандар жуық арада пайдалануға беріледі деп күтілуде.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<