Кеше «Достық үйінде» Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев облыс тұрғындары және коммерциялық емес ұйым өкілдерімен кездесті. Онда республика бойынша экологиялық жағдайды жақсарту шаралары айтылып, тұрғындарды қоршаған ортаның тазалығына бірге атсалысуға шақырды.
Министр облыстағы экологиялық жағдайдың тұрақты екенін айтты.
– Өңірде 1-санаттағы қауіптілікке жататын 83 кәсіпорын бар. Облыстағы ірі кәсіпорындардың үлесіне жалпы шығарындының 79%-ы тиесілі. Қызылорда, Ақай, Төретам, Шиелі, Арал және Әйтеке би елді мекендерінде орналасқан бақылау бекеттерінде ауа сапасына мониторинг жүргізіліп тұрады. Облыста ауаның ластану деңгейі төмен. Өңірдегі атмосфералық ауаның ластануына әсер ететін негізгі көздер – өнеркәсіптік нысандар мен автокөліктер. Бірінші жартыжылдықта жалпы 17 тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде 36 заң бұзушылық анықталып, оларды жою бойынша нұсқама берілді. Көлемі 18 млн теңгеге 66 әкімшілік айыппұл салынып, оның 9,8 млн теңгесі өндірілді, – деді Ерлан Нұралыұлы.
Мемлекет басшысының өңірлердің экологиялық жағдайын жақсарту жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясындағы тапсырмалар да кезең-кезеңімен орындалуда. Облыста 3 кәсіпорын автоматтандырылған мониторинг жүйесін толығымен іске қосып, «Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы Ұлттық деректер банкіне ақпарат беруде.
Жергілікті атқарушы органдардың жұмысын бақылау мақсатында азаматтар экологиялық мәселелер бойынша өтінім беретін «Таза Қазақстан» телеграм-чат-боты іске қосылған. Бүгінге дейін облыс бойынша чатқа 497 өтінім түсіп, оның 474-і орындалған. Өтінімдердің басым бөлігі «Аумақтарды тазалау», «Тұрмыстық қалдықтарды шығару», «Көшелерді абаттандыру» және «Жолдарды жөндеу» санаттары бойынша түскен.
Кездесу барысында министр тұрғындарды жеке мәселесі бойынша қабылдап және жергілікті БАҚ өкілдеріне брифинг берді.
Онда өңірдегі тұрмыстық қатты қалдықты өңдеуге қатысты мәселе айтылып, республика бойынша оны өңдеп, сұрыптайтын зауыттың біреуі біздің облыста салынатынын айтты. Одан бөлек өңірде іске қосылатын кірпіш зауытының ерекшелігіне тоқталды. Жылына 90 млн кірпіш шығаратын зауыт газбен жұмыс жасайтындықтан, ауаға бөлінетін шығарынды өте аз мөлшерде болатынына басымдық берді. Облыстың әлеуметтік-экономикасының дамуында оң өзгеріс барын да тілге тиек етті.
Брифинг соңында журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»





