Облыс аумағында қысқы кезеңде су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Мұз» профилактикалық акциясы өткізілуде. Акцияның негізгі мақсаты – тұрғындарға мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелерін түсіндіру және балық аулау кезінде орын алуы мүмкін жазатайым оқиғалардың алдын алу. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Жандос Досымов айтты.
– Қараша айынан бастап мұз қабаты толық ерігенге дейін дүйсенбі, сәрсенбі және сенбі күндері сағат 14:00-ден 19:00-ге дейін жауапты сала мамандарының қатысуымен рейдтік-профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде. Ауа райының жылынуына байланысты мұздың еру қаупі артып отырғанын ескере отырып, тұрғындарға су айдындарында, әсіресе балық аулау кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды сұраймыз, – деді Жандос Досымов.
Сонымен қатар, православтық христиандардың «Крещение Господне» мерекесі қарсаңында су айдындарында қауіпсіздік шараларын сақтау аса маңызды. Белгіленбеген және арнайы жабдықталмаған орындарда, құтқару қызметтері мен медицина мамандарының қатысуынсыз шомылуға қатаң тыйым салынады. Сондай-ақ, мұз үстінен суға тікелей сүңгуге, алкогольдік ішімдік ішіп, мас күйінде шомылуға болмайды.
– 19 қаңтар күні атап өтілетін «Крещение Господне» мерекесіне байланысты қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жөнінде арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді. Осы бағытта ТЖД қызметкерлері рейдтік жұмыстар жүргізіп, жағдайды бақылауда ұстайтын болады. Қазгидрометтің мәліметіне сәйкес, қаңтардың 18-19 күндері ауа температурасы күндіз -10,-15, түнде -20, -25 градус аяз болады деп болжануда. Осыған байланысты тұрғындарды барынша сақ болуға шақырамыз. Айта кету керек, Қызылорда облысы аумағында «Крещение Господне» мерекесі кезінде шомылуға рұқсат етілген және арнайы жабдықталған орындар жоқ. Барлық іс-шаралар Қызылорда қаласындағы шіркеу аумағында өтеді, – деді Жандос Ерланұлы.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі






