Өткен айда Kazinform агенттігінің тілшісі «келер жылы да су тасқыны болуы мүмкін бе?» деген сауал негізінде сараптама әзірлеген болатын. Дегенмен мәселені жалпы республика аумағы бойынша жасалған болжам негізінде қарастырған едік. Бұл жолы су тасқынының зардабын тартқан бірнеше облыс әкімдіктеріне хабарласып, алдын ала қандай дайындықтар жүргізіп жатқанын сұрастырдық.
Айта кетер жайт, материалда «2025 жылы су тасқыны нақты болады» деген тұспал келтірілмейді. Тек қайталануы мүмкін табиғи апатқа байланысты өңірлердің әзірлігі сөз етілмек.
Батыста тасқынға қарсы 23 жоба дайындалуда
Жалпы, Жайық іргесіндегі Батыс Қазақстан облысы көктемдегі су тасқыны кезінде ең көп материалдық шығынға ұшыраған аймақтың бірі саналады. Облыс әкімі баспасөз қызметінің бізге ұсынған дерегіне сенсек, 5 927 үй бүлінген, оның 2828-і жарамсыз деп танылыпты. Жаңа тұрғын үй салу, сатып алу, әлеуметтік көмек есебінен шығынның барлығы өтелгенге ұқсайды. Тек қана энергетикалық нысандарға келген залал 1,4 млрд теңгеге бағаланған.
Бұған қоса тасқын салдарынан 11 әлеуметтік нысан бүлінген. Желтоқсанға дейін 6 нысан күрделі жөндеуден өткізіліп, қалған бесеуінде әлі де жұмыстар атқарылып жатыр екен.
Облыста жалпы 39 гидротехникалық нысан бар. Тасқын кезінде 6 гидротехникалық нысан суға төтеп бере алмаған. Оның үшеуі Теректі ауданында, екеуі Бөрліде орналасса, соңғысы Қаратөбеде. Қазір барлығы қалпына келтіріліпті.
Тағы 14 су қоймасының реконструкциясы бойынша жобалық-сметалық құжат әзірленуде. 9-ы жыл соңына дейін, қалғаны 2025 жылы дайын болмақ. Бұдан бөлек, су өткізгіш құбырларды салу бойынша 23 жоба дайындалып, облыстық резервтен 1 млрд теңге бөлінген.
Ақтөбеде жекеменшік қоймалар әлі бар
Биыл көктемде Ақтөбенің Ырғыз, Хромтау ауданындағы бірнеше ауыл су астында қалды. Бұл өңірде су тасқыны мәселесіне келгенде ескірген су қоймалары мен бөгеттерге көңіл бөлуі керегі аңғарылады.
Мысалы, балық шаруашылығы үшін кәсіпкерге сенімгерлік басқаруға берілген Ақтөбедегі Мағаджан су қоймасының плотинасына қажетті күтім жасалмай, онсыз да ел аумағы дүрлігіп тұрған кезең – 5 сәуірде бөгет жарылады. Хромтау ауданындағы үш ауыл және Ақтөбеге жақын орналасқан саяжайларды су басып қалды. 15,8 миллион текше метр суды төменге ағызып жіберген бөгет 1985 жылы қолданысқа беріліп, содан бері күтім көрмеген екен.
Ақтөбе облысы әкімдігінің бізге берген ақпараты бойынша, қазір аймақтың коммуналдық меншігінде 206 гидротехникалық құрылыс бар, оның 10-ы республикалық маңызға ие (3 су қоймасы, 2 бөгет, 5 лиманды суару), 174-і (2 су қоймасы, 147 бөгет, 25 қорғаныс бөгеті) коммуналдық шаруашылықта, ал 22-сі (6 су қоймасы, 16 бөгет) жеке меншікте.
Жалпы, 2024 жылғы су тасқыны кезінде Ақтөбе аумағындағы 15 гидротехникалық құрылыс бұзылған. Әкімдік әзірге Темір ауданындағы Қара қорғаныс дамбасы, Көсем және Тереңсай бөгеті қалпына келтірілгенін, тағы 19 қорғаныс бөгетін қалпына келтіру мен өзен жағаларын бекіту үшін құрылыс-монтаждау жұмыстары басталғанын хабарлады.
Сондай-ақ Ақтөбе су қоймасының да жай-күйі туралы хабардар болдық. 245 млн текше шақырым су сақтай алатын қоймада қазір 53 млн текше шақырым су бар. Яғни, қажеттілік болған жағдайда су қабылдауға дайын екен.
Айтпақшы, әкімдік өкілдері аталған қойманың 1988 жылдан бері күрделі жөндеуден өтпегенін түрте кетіпті. Осыны ескерген мамандар биыл реконструкциялау жұмыстарын бастаған. Құрылыс осы желтоқсан айында аяқталуға тиіс. Гидрологиялық нормалар ескеріле отырып жаңартудан өткен қойма алдағы уақытта балық шаруашылығы мақсатында пайдаланылмақ.
Атырау әкімдігі дайын екендерін мәлімдеді
Су тасқынынан Атырау өңірінің 3 ауданы қатты зардап шеккенін жақсы білеміз. Әсіресе, Құлсары қаласының халқы біраз әбігерге түсті. Қазір шығынның бәрі толық өтеліп, баспанасынан айырылғандар жаңа үйге қоныстанып үлгерді.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің дерегінше, қараша айына дейін Жылыой ауданына қарасты Құлсары қаласында Құрсай каналының 32 шақырымы тазартылып, тереңдетілген. Осындай жұмыстар өткен айда Жем өзенінде басталыпты. Жалпы ұзындығы 55 шақырым болатын жағаның 1,5 шақырымы тереңдетілген.
Бұған қоса, 58 шақырым қорғаныс бөгетін салу жоспарланып, қарашаның басына дейін оның 24 шақырымы тұрғызылып үлгергені мәлім болды. Сонымен қатар облыстағы су шаруашылығы құрылыстарын басқару үшін «Табиғат» мекемесі құрылыпты.
Өткен айдың басында Үкіметте есеп берген Атырау облысының басшысы Серік Шәпкенов тасқын кезінде тұрғызылған 590 шақырым бөгетті облыс теңгеріміне алу жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді. Көктемге дейін аталған бөгеттердің сапасын тексеріп, қажет болса, жаңадан тұрғызылған бөгеттерді нығайту жоспарланыпты.
Ал Жайық өзенінің Каспий теңізіне құятын шығыс беттегі сағасы тереңдетілуде. Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзені де тазартылып жатыр. Не де болса, өңір билігі «су тасқынына дайындық жүйелі жүруде» деп түйіндеп отыр.
Ақмола облысы тым белсенді
Аталған облыс әкімдігінің берген жауабына қарасақ, қазір аймақта су тасқынына қарсы іс-шаралар былтырғымен салыстырғанда 3 есе көбейген.
174 елді мекенде 65 шақырым су өткізу арнасы қазылып, 38 шақырым өзен арнасы тазартылған. Тағы 34 шақырымы кеңейтіліп, тереңдетіліпті. 110 шақырым бөгет нығайтылып, 21 шақырым жаңа бөгет тұрғызылған.
Әкімдік өкілдері жұмыстардың тым белсенді жүріп жатқанын хабарлады. Барлық құбырлар тазартылуда екен. 9 елді мекенде су деңгейін бақылап отыру үшін қосымша гидробекеттер салыныпты.
Қазір Атбасар қаласында қорғаныс үшін шлюздер орнатылып жатыр. Бұл амал шамамен 400 үйді су басу қаупін азайтады-мыс. Сондай-ақ жер снарядтарын сатып алу есебінен Атбасар ауданындағы Жабай өзенінің 2,5 шақырымының түбі 5 метрге дейін тереңдетілген.
Осындай жұмыстар облыс орталығындағы Қылшақты өзеніне де жүргізіліп, 4,3 шақырымы тазартылды. Халықтың ұсынысын ескере отырып, Целиноград ауданының Талапкер және Қоянды ауылында қар суын өткізуге арналған 8 шақырым айналма канал қазылған.
Бұланды ауданында бөгет күрделі жөндеуден өтуде, ал Аршалы ауданында «Анар» станциясының қорғаныс бөгетін қайта жаңарту, Шортандыдағы «Қара-Адыр», «Пригородное» және Астрахан ауданындағы «Қызыл Жұлдыз» бөгеттері нығайтылып жатыр.
Көкшетауда ұзындығы 3 шақырым (биіктігі 3 м-ге дейін, ені 3-тен 6 м-ге дейін) қорғаныс бөлігі орнатылыпты. Сонымен қатар, әкімдік биыл «Демеу Қазақстан қоры» есебінен 3 гидротехникалық нысанды жөндеуден өткізіп, Жабай, Чаглинка және Колутон өзендерінің түбін тазартып, жағасын нығайтпақ екен.
Солтүстік облыс орталығына мән беруде
Бұл аймақта аудандардан бұрын облыс орталығы – Петропавлды су тасқынынан қорғау жұмыстары қарқынды жүруде. Өйткені биыл көктемдегі су тасқыны кезінде бірінші қосалқы сорғы станциясы зақымдалған. Оның үстіне тасқынмен келген мұз қуат беретін электр желісінің бағандарын құлатып, қала сусыз қалған еді.
Өткен айда сорғы станциясының қайтадан толық жаңартылғаны, құрылыс жұмыстары біткені хабарланды. «Қызылжар су» ЖШС директоры Жеңіс Сұлтановтың айтуынша, әлі де атқарылар жұмыс аз емес. Желтоқсанның алғашқы онкүндігінде бекіту арматурасының сорғы агрегаттарын жеткізу жоспарланған.
– Өңірімізде алғаш рет нығайту жұмыстарына габион қолданылып жатыр. Стратегиялық нысанды қорғайтын бөгеттің биіктігі 4 метр болады. Резервтік жер асты кабельдерін төсеу жұмыстары аяқталды. 800 кВт дизель генераторы орнатылады, – деген ол.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<