Облыстық Билер кеңесінің мүшелері Қазалыда болды

256

0

Қазалы аудандық сотында аудандық Билер кеңесі мүшелерінің қатысуымен Қызылорда облысының Билер кеңесінің төрағасы Зейнолла Нұрсейтов кездесу өткізді.

Кездесу барысында З.Нұрсейтов сөзінде Билер институты өңірдегі қоғамдық келісімді қамтамасыз етіп, қоғамдағы дауды сотқа дейін шешу мен азайтуды мақсат ететінін жеткізді.

Мұнан кейін меймандар Қазалы аудандық сотының ғимаратын аралап көріп, оларға сот мәжілісінің залдары, судьялардың жұмыс бөлмелері, сот кеңсесі таныстырылды.

Содан соң Қазалы аудандық әкімдігінде Билер кеңесі мүшелерінің қатысуымен «Татуласу: сотқа дейін, сотта» тақырыбында семинар өтті.

Семинарға облыстық Билер кеңесінің төрағасы Зейнолла Нұрсейтов, мүшелері Болатбек Пұсұрманов, Қыдырбек Рашов, Қазалы аудандық сотының төрағасы Дидар Мұратбекұлы, Қазалы ауданы әкімінің аппарат басшысы Нұрғиса Жалғасбаев, ауылдық округ әкімдері, аудандық билер кеңесінің мүшелері, медиаторлар, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Іс-шараны аша отырып, Н.Жалғасбаев қарттардың өмірлік тәжірибесі мен олардың қоғамдағы беделі қазақ билерінің үздік дәстүрлерінде соттан тыс қақтығыстарды шешуге ықпал ететініне сенім білдірді.

З.Нұрсейтов билерге медиация рәсімін жүргізу қағидалары мен әдістемесін, дауларды шешудегі медиатордың рөлін түсіндіріп, өткен ғасырлардағы билер мен ақсақалдардың дауларды шешу жолдары мен билер институтының құрылу тарихы туралы айтып берді.

Семинар барысында сот төрағасы Д.Мұратбекұлы қазіргі қоғамда билер кеңесі азаматтық дау-дамайларды шешіп, істі сотқа дейін жеткізбей әрекет ете алатынын айтып өтті.

Семинар соңында қатысушылар Билер кеңесінің жұмысын ұйымдастыру мәселелерін талқылап, жоспарланған шараларды нақтылады.

Семинардан соң қонақтар аудандық Ардагерлер үйінде жаңадан ашылған Билер кеңесінің мәжіліс залымен танысты.

Қазалы аудандық сотының баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<