Облыстық ҚХА активінің қорытынды басқосуы болып өтті

242

0

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен Достық үйінің мәжіліс залында облыстық ҚХА активінің қорытынды басқосуы болып өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләйлә Төрешова, облыстық ассамблея құрылымдары, этномәдени бірлестіктің жетекшілері мен мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты.

Қатысушылар Достық үйінің фойесінде әзірленген «Анамның бейнесі» тақырыбында фото байқау суреттерінің көрмесімен танысты.

Актив отырысы басталмас бұрын қатысушылар Алматы маңында ұшақ апатынан орын алған қайғылы оқиғаға ортақтасып, 1 минут үнсіздік жариялады.

Активте облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләйлә Бегалықызы жыл бойы атқарылған іс-шараларды қорытындылап, алдағы жоспарларымен бөлісті.

«Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы этносаралық қатынастың өзіндік үлгісін қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстарды кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді. Облыс көлемінде түрлі форматты 250 іс-шара ұйымдастырылып, оған 300  мыңға жуық адам қамтылды. Облыстық ҚХА құрылымдары жоспарлы жұмыстар жасап келеді. Бүгінде облыс бойынша 165 Қоғамдық келісім кеңестері жұмыс атқарады. Осы уақытқа дейін Қоғамдық келісім кеңестерінің отырыстарында 68 мәселе оң шешімін тапты. Аймақта медиация институтын дамыту бағыты бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Жыл басынан бері қоғамдық медиаторлармен 872 даулы мәселе оң шешімін тапты. Күні кеше ғана облысымызда өздеріңіздің қатысуларыңызбен дәстүрлі «ІІ Медиаторлар жиыны» ұйымдастырылды. Облыстық ассамблея жанындағы Аналар кеңесінің отбасы құндылықтарын нығайтуда, ұлттық рухты насихаттауда атқарар рөлі ерекше. Қазіргі таңда облыс көлемінде құрамында 1 103 мүшесі бар 118 Аналар кеңесі жұмыс жасауда.

Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 3 облыстық деңгейдегі жобаларды жүзеге асырды. Олар: «Қайырымдылық керуені» акциясы, «Ұлы дала елі» тарихи-танымдық экспедициясы және «Сыр елі – достық мекені» этномәдени бірлестіктердің мәдени күндерін ұйымдастыру. Аталған жобалар облыстың маңызды іс-шаралар жоспарына енгізілді. Облыстық этномәдени бірлестіктердің қатысуымен «Сыр елі – достық мекені» жобасы аясында 40-тан астам іс-шаралар ұйымдастырылды. Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» акциясы дәстүрлі түрде жүзеге асырылып келеді. Жыл басынан бері  қайырымдылық жасаушылардың қолдауымен 686 қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылды. Сондай-ақ 40 520 адамға 514 млн. 700 мың теңгенің көмегі көрсетілді.  Алдағы жыл мерейтойлық күндерге бай. Қазақстан Республикасы Конституциясының және Қазақстан халқы Ассамблеясының 25-жылдығынан басқа, елімізде Ұлы Абайдың 175-жылдығы, Әл-Фарабидің 1150-жылдығы, фашизмді жеңудің 75-жылдығы атап өтіледі. 2020 жыл «Еріктілер жылы» болып жарияланды. Біз Достық үйінің базасында волонтерлік қозғалысты біріктіруіміз керек»,-деді.

Басқосу аясында облыстық «Славяне» қоғамдық-мəдени орталығы» ҚБ жетекшісі Галина Щербакова, облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі Бақыткүл Мұсаева, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі Айтжан Оразбақов, облыстық ҚХА жанындағы ҒСТ мүшесі, Қызылорда қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Нұркен Әбдіжәлиев, «Қоғамдық келісім» КММ сарапшысы Светлана Крюгер  сөз сөйлеп, пікір алмасты.

Облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов сөз алып, мерейтой жылындағы ауқымды жұмыстарға сәттілік тіледі. «1991 жылы біз ата-бабаларымыздың армандаған Тәуелсіздігін алдық. Сол кезеңде Қазақстанның болашағы туралы көптеген болжамдар болды. Мысалы, АҚШ Президентінің кеңесшісі Қазақстанды екінші Балканға айналады деген болжам берді. Бірақ біз бейбітшілік пен тыныштық орнаған бірегей, тату қазақстандық отбасымызды құра алдық. Сіздердің әрқайсыңыз Тәуелсіз елдің дамуына және оның қуатты мемлекет ретінде қалыптасуына өз үлестеріңізді қостыңыздар. Бұл ретте Қазақстан халқы Ассамблеясы да маңызды рөл атқарды. Соңғы жылдары облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы этносаралық және ішкі саясат мәселелерінде елеулі жұмыстар жасады. Жаңа идеялар мен бастамалардың генераторы болды. Біз облыстық ассамблеяның құрылымдары облыс орталығында қарқынды жүргізіліп жатқан жұмыстарды аудандарда жандандыруымыз қажет.  2020 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің 25 жылдығын атап өтеді. ҚХА мерейтойына арналған ең жақсы сыйлық біздің игі істеріміз және жақсы жетістіктеріміз болады. Сондықтан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық мүшелеріне Сіздердің бастамаларыңызға сәттілік тілеймін»,-деді.
Активте бірлік пен татулықты берік етіп, рухани жаңғыру жолында аянбай еңбек еткен жандарға Қазақстан халқы Ассамблеясының марапаттары берілді. «Русская община Казахстана» қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының жетекшісі Владимир Толоконниковке Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалі», облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы Нұрсәуле Мұсаеваға Қазақстан халқы Ассамблеясының «Құрмет грамотасы», өзбек этномәдени бірлестігінің жетекшісі Қахар Дадашевқа Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хаты берілді.
Облыс әкімі орынбасарының алғыс хатымен  этномәдени бірлестіктермен облыстық ассамблея құрылымдарының белсенді мүшелері марапатталды.
Облыстық ҚХА хатшылығы меңгерушісі Ләйлә Бегалықызының алғыс хаты жыл бойына облыстық ассамблеямен бірлесіп, әріптестік бағытта жұмыс жасаған Қазақ гуманитарлық заң және техникалық жоғары колледжі, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі, «Қазанғап» атындағы Қызылорда музыкалық колледжі, С. Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжі, Ж. Нұрманов атындағы №198 орта мектебіне берілді.
Басқосу соңында «Анамның бейнесі» тақырыбындағы фото байқаудың  жеңімпаздары анықталып, үздік фото иелеріне жүлделі орындар табысталды.

  •  

Облыстық Қазақстан халқы
ассамблеясының баспасөз қызметі

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<