Бүгін – білім күні. Бұл күні оқу жылы барлық мектепте мерекелік жиыннан басталды. Армандарын арқалап, жиған білімдерін одан әрі тереңдете түсу үшін балалар сағынышпен алтын ұя мектептеріне оралды.
Айтулы мереке күні Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Ергешов Серік Жүрсінбайұлы Қызылорда қаласындағы Тәкей Есетов атындағы № 264 мектептің салтанатты жиынына қатысып, оқушыларды, мектеп ұжымын, ата-аналарды, әсіресе мектеп табалдырығын бірінші рет аттаған бүлдіршіндерді шын жүректен құттықтады. Балаларға қауіпсіздіктің негізгі ережелерін түсіндірді.
«Құрметті ұстаздар! Қымбатты оқушылар, ата – аналар! Сіздерді бүгінгі Білім күнімен, жаңа оқу жылының басталу мерекесімен құттықтаймын. Талаптарыңа нұр жауып, зейіндерің ашылсын! Жас ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беріп, осы жолға ғұмырын арнаған ұстаздар қауымына алғыс білдіремін!
Жаңа оқу жылы басталуына орай балалардың қауіпсіздік мәселесі өте өзекті. Бұл Мемлекет басшысының Ішкі істер министінің ерекше бақылауында. Сондықтан ІІМ-гі барлық қажетті шараларды қабылдауда.
Кәмелетке толмағандарға қарсы кез келген заңсыз әрекеттердің алдын алу және оларды анықтау – полиция қызметкерлерінің басты міндеті. Мектептер мен оларға іргелес аумақтарда патрульдеу күшейтілді. Жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттілігіне де назар аударамын. Жүргізушілер жылдамдық режимін сақтауға және жол белгілеріне назар аударуға міндетті.
Өз кезегінде ата-аналар балаларға жол қозғалысының қарапайым ережелерін түсіндіруі қажет. Мүмкіндігінше кішкентай балаларды шығарып салып, күтіп алған дұрыс.
Тек бірлесіп қана біз өскелең ұрпағымыздың, яғни Қазақстанның болашағының қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатынымызды ұмытпауымыз керек» деді Серік Жүрсінбайұлы.
Бала қауіпсіздігі әрқашан полицияның басты назарында. Осы орайда бүгін полиция қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Салтанатты шарадағы қауіпсіздік мәселелерін полицейлер ерекше бақылауға алды. Тәртіп сақшылары өздеріне бекітілген оқу орындарында қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтап, оқушылардың жолаушылар жолағынан қауіпсіз өтуін қадағалауда.






