Облыстық мәслихат төрағасы ауданға келді

437

0

Облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов бастаған жұмысшы топ жұмыс сапарымен ауданға келіп, бірқатар нысандардың жұмысымен танысты.

Топ құрамында облыстық мәслихат депутаттары Нүркен Бақытбекұлы мен Нұрлан Имандосов, облыстық бақылау басқармасының басшысы Ғанижан Қалиев және бірқатар аудандық мәслихат депутаттары болды.

Наурызбай Сейітқалиұлы ең алдымен Алға ауылдық округіне барып, елді мекен ішіндегі Жаңажол, Жаңажол орамы, Әбдіразақов және Орымбет Ишан автомобиль жолдарының жөндеу жұмыстарын көрді. Сол тұста аудан әкімінің міндетін атқарушы Күнтілес Назымбеков ауылдағы қазіргі жолдардың жайын жеткізді.

Облыстық мәслихат төрағасы ауданға келді

Сондай-ақ, мердігер мекеме «Нұрас и К» ЖШС өкілдері бүгінде 2,1 шақырымды құрайтын 4 көшеге гравийлі құмды қоспа және асфальт қабаты толықтай төселгенін айтып, қазіргі таңда жол жиегін бекіту жұмыстары жүргізіліп жатқандығын баяндады.

Мұнан соң облыстық мәслихат төрағасы «Қарлаң» учаскесіне ат басын бұрып, темір-бетон көпір құрылысымен танысты. Жауапты мамандарға көпірдің маңыздылығы жоғары екенін айтып, уақытылы аяқтап, сапасына мән беру қажеттігін ескертті.

Сонымен қатар жауаптыларға жүріп жатқан құрылыс жұмыстарын ұдайы бақылауда ұстау керек екенін айтты.

Наурызбай Сейітқалиұлы Қазалы ауданындағы жұмыс сапарының екінші күнін Әйтеке би кентіндегі салынып жатқан 250 орындық мектеп құрылысынан бастады.

Жаңа білім ошағын биыл жаңа оқу жылына орай пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл жөнінде мердігер мекеменің қызметкері баяндады. Облыстық мәслихат төрағасы мектеп құрылысының кемшіл тұстарын айтып, жұмыстың бәсеңдеуі мердігер мен техникалық қадағалаушының осалдығынан екенін қадап айтты.

Мұнан соң Әйтеке би кентіндегі 600 орындық мәдениет үйіне барған облыстық мәслихат төрағасы әлі күнге дейін неліктен пайдалануға берілмей тұрғанынан хабар алды.

Мұнда құрылыс-монтаж жұмыстарының 90% жасалған. Ендігі ДЭС қондырғысы және сахна жабдықтарын орнату кезекте тұр.

Наурызбай Сейітқалиұлы Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығындағы төртжолақты жолдың да құрылысын көріп, мердігер мекеме қызметкерлерімен кездесті.

«Жол әлі біткен жоқ. Халық игілігіне пайдаланған жоқ. Ал мұндай жұмысқа салғырт қарап отырған қызметкерлерді баяғыша жеткізсек, халықтың жауы дейді. Сондықтан айтылған уақытында жол құрылысы аяқталуы қажет» деді облыстық мәслихат төрағасы өз сөзінде.

Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<