Фото: Қызылорда облысы әкімдігі
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылордадағы «Анаға тағзым» республикалық Аналар форумының аясында өткен Сыр елінің келешек брендіне айналатын жәдігерлер – алтын киімді «Шірік-Рабат сақ жауынгері» және алтын әшекейлі «Сығанақ ханшайымы» реконструкцияларының таныстырылымына қатысып, мүсіндерді облыстық музейге табыстады.
Аймақ басшысы қызылордалықтарды музей қорының толығуымен құттықтады.
«Бүгін музейге Сырдарияның бойында өмір сүрген сақ мәдениетінің жауһары – алтын киімді «Шірік-Рабат сақ жауынгері» мен Алтын Орда кезеңіндегі Ұлы дала көшпенділерінің өркениетін паш ететін алтын әшекейлі «Сығанақ ханшайымы» мүсіндері тапсырылды. Мүсіндер археолог-ғалымдардың ғылыми негіздемелеріне сай жасалды.
Желтоқсанның 8-9-ы күндері еліміздің бас қаласы – Астанада Қызылорда облысының өнер күндері өтеді. Мәдени іс-шара аясында ұйымдастырылатын «Сыр өңірі – Түркі дүниесінің алтын бесігі» көрмесінде «Шірік-Рабат сақ жауынгері» мен «Сығанақ ханшайымының» алтындатқан мүсіндері елорда жұртшылығына таныстырылады. Мәдени мұрамызды зерттеп, сақтап, болашақ ұрпаққа мирас ету жолындағы жұмыстарыңызға табыс тілеймін», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Іс-шарада тарихи жәдігерлерді жаңғыртуға атсалысқан белгілі археолог-ғалымдар Жолдасбек Құрманқұлов және Әзілхан Тәжекеев сөз сөйледі.
Айта кетейік, мүсіндерді реконструкциялауға облыстық бюджеттен 40 млн теңге бөлінді. Туындыларды археолог-ғалымдар Жолдасбек Құрманқұлов және Әзілхан Тәжекеев, реставратор Қырым Алтынбеков, Өзбекстан және Татарстан Республикаларының ғалымдары Айсұлу Жаппарбергенқызы, Людмила Макласова жасады.
Айта кетейік, «Сығанақ ханшайымы» «Анаға тағзым» республикалық форумындағы барша аналарға арналған тамаша тарту болды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<