Облыстық спартакиада жеңімпаздары марапатталды

328

0

Фото: Жалағаш ауданы

Аудан әкімі Ардақ Ибраимов облыс әкімінің жүлдесіне арналған мемлекеттік қызметшілер арасында өткен облыстық дәстүрлі спартакиада жеңімпаздарын қабылдады.

Спартакиада аясында ауданнан 41 мемлекеттік қызметші шағын футбол, волейбол, тоғызқұмалақ, шахмат, жүзу, арқан тарту, қазақ күресі, баскетбол және үстел теннисі спорт түрлерінен бақ сынады. Жарыс қорытындысы бойынша қазақ күресінен – І орын, тоғызқұмалақтан – 2 орын, шағын футбол, волейбол, баскетбол, жүзуден – ІІІ орын иеленді. Сонымен бірге үстел теннисі, арқан тарту және шахматтан жоғары нәтижелерге қол жеткізді.

Жалпы командалық есепте Жалағаш ауданы І орынға ие болып, аудан мерейін үстем етті.

«Облыстық деңгейдегі спорттық сайыстарда аудан намысын абыроймен қорғап, мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыруға үлес қосып келесіздер. Бұл мемлекеттік қызметшілердің қызметтік міндеттерін абыроймен атқарумен қатар, салауатты өмір салтын ұстанып, спортты қолдауының айқын көрінісі. Бұл жеңіс баршамыз үшін үлкен мақтаныш. Алдағы уақытта да жеңіс тұғырынан көріне беріңіздер!» – деді аудан әкімі А.Ибраимов.

Спартакиада жеңімпаздары мен бапкерлері аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, Б.Құлтекенов атындағы жабық бассейн кешеніне 3 айлық абонемент берілді. Сондай-ақ, аудан командасына 300 000 теңге көлеміндегі сертификат табысталды.

Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі