Облыстық «Сыр бойы» газеті үздіктер қатарында

734

0

Жақында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен баспа, радио, интернет-журналистика саласын қамтитын «URKER – 2023» ұлттық бәйгесі өткен болатын.

Осы байқауда Қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасы бар, тарихы тереңде жатқан ата басылым облыстық «Сыр бойы» газеті «Үздік өңірлік БАҚ» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Бүгін Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Сыр медиа» ЖШС директорының орынбасары Айжан Абдуллаева барша Сыр қаламгерлерін айтулы жеңісімен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.

– Қыркүйек айының 20-22 күндері Астана қаласында Медиа апталық форумы өткен болатын. Үш күнге созылған медиа апталықтың аясында дәстүрлі «URKER – 2023» ұлттық бәйгесі өтті. Осы жылғы байқауда 12 түрлі номинация бойынша еліміздің үздік деп танылған басылым, радио, интернет сайттар мен бұқаралық ақпарат құралдары саласының өкілдері марапатталды. Оның ішінде Сыр журналистикасының қара шаңырағы саналатын облыстық «Сыр бойы» газеті «Үздік өңірлік БАҚ» номинациясын жеңіп алды. Осы марапат арқылы басылымның кәсіби ортада өз бағасының алуы бізге үлкен қуаныш сыйлады. Сондай-ақ, бұл біздің жұмысымызға жаңа шабыт пен мол мүмкіндіктерді пайдалана отырып, әрі қарай дамуымызға сеп болады деп сенеміз, – деді Айжан Жұмабекқызы.

Келер жылы 95 жылдық мерейтойы тойланатын облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қуат Шарабидинов басылымның үздіктер қатарында болғанына дән ризашылығын білдіріп, барша әріптестерге сәттілік тіледі.

– Ғасырға жуық тарихы бар «Сыр бойы» газеті «Үркер» сыйлығына ие болуы облысымыздың 85 жылдық мерейтойына үлкен сый болды. Әрине, бұл жеңістің артында редакцияның үлкен еңбегі жатыр. Одан бөлек, Сыр қаламгерлерінің ортақ абыройы асқақтады деп білеміз. Барша құттықтап жатқан сырбойылықтарға алғысымыз шексіз! – деді Қуат Әбішұлы.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<