Шиелі ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков мерейлі жасқа толған аяулы аналарға құрмет көрсетті. Салтанатты шараға аудандық мәслихат төрағасы Мұрат Тұрабаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Әзімханұлы, «AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жібек Баймұратова, ауыл әкімдері мен тиісті сала басшылары қатысты.
Аудан басшысы Айтбай Жандарбеков құттықтау сөзінде аналардың қоғамдағы орны айрықша екенін атап өтіп, олардың ел дамуына қосқан еңбегі мен өнегелі өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі екенін жеткізді. Сонымен қатар, аудан әкімі аналардың ақыл-кеңесі мен тәрбиелік мәні зор тағылымы әрдайым ел бірлігін нығайтуға қызмет етіп келе жатқанын айтып, мерейлі жастағы аналарға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және отбасыларына амандық тіледі.
Шара барысында мәдениет саласының ардагері, 85 жастағы кейуана Балтагүл Аманқұлқызына, білім саласының ардагері, 70 жастағы Мейрамкүл Кандерқызына, мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жылдар абыройлы еңбек еткен 65 жастағы Патима Шаймерденқызына, сондай-ақ мемлекеттік қызмет саласынан құрметті зейнеткерлікке шыққан Айнаш Кембілбайқызы мен Дәулеткүл Әліпбекқызына ауданның ең жоғарғы марапаты «Құрмет грамотасы» табысталып, сый-сияпаттар берілді.
Салтанатты жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Әзімханұлы мен «AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жібек Баймұратова аналарға жылы лебіздерін білдіріп, ізгі тілектерін арнады.
Жиын соңында мерейлі жас иелері көрсетілген құрмет үшін аудан басшылығына ризашылықтарын білдіріп, елдің тыныштығы мен бірлігін тілеп, ақ баталарын берді.
Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі






