Ұзақ сапарларда жол бойы үлкендердің әңгімесіне құлақ түрудің мен үшін екі пайдасы бар. Біріншісі, әрине, жол қысқарады. Ал екіншісі, тәлім түйесің. Тек ондайда әңгіме айтушы «қиыннан қиыстыратын» қара сөздің хас шебері болуы керек. Жол үстіндегі әңгіменің әсері де ерекше болады, жадыңа да тез жазылып қалады.
Әмірбек ағамның әңгімелерін шаңырағына арнайы барып тыңдамасам да, жолсапарларда көп естідім. Өзі ұзақ жыл құқық қорғау органдарында қызмет істеді. Анығырақ айтсақ, Қызылорда облыстық полиция департаментінде басшылық қызметтер атқарды. Бұл саланың лауазымды тұлғаларынан бастап, қатардағы мамандарына дейін темірдей тәртіп пен қатаң ережелерге бағынатыны белгілі. Негізгі міндеттері қоғамдық тәртіпті қадағалап, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болған соң полиция қызметкерлері көп сөйлемейді. Олар сөздің емес, іс-қимылдың адамдары. Алайда, Әмірбек ағам алқалы топта шешендерше шешіліп сөйлеп кеткенде ол кісіні танымайтындарға құқық қорғау саласының қызметкері екенін айтса, иланбас еді…
Иә, сөздің де жүлге-жүйесі, сөйлеудің де жөн-жосығы бар. Әмірбек ағамның сөзі сәнді болған соң, әңгімесі де дәмді шығады, жалықпай тыңдай бересің. Әсіресе, жадында жатталып қалған бала күнгі естеліктерін айтқанда, сол сәттерде ол кісімен бірге жүргендей күй кешесің, әлгі қызықты оқиғалар мөлдіреп көз алдыңа келе қалады. Кей тұсында еріксіз езу тартасың. Ал, ұзақ жылғы қызметтік жолындағы хикаялары бір кітапқа жүк болады.
Ол кісіге сөз киесі атасы Шаймағанбеттен дарыған. Шаймағанбет зерделі де зерек немересін жетектеп жүріп сонау Қызылқұмды мекен еткен қасиетті қара шалдардың шапанына орап, батасына суарып өсірген. Содан да болар, Әмірбек ағам өзінің туған ауылын, ондағы бел-белестерге жасырынып қалып қойған балалық шағын әрдайым сағынышпен еске алып отырады. Кіршіксіз балалығын аңсап отыратын адамның ішкі әлемі де тұмадай тұнық болады. Ал жаны таза адам елін, жерін тілегімен де, жүрегімен де сүйеді және елге қылған қызметіне де адал болады.
Доғарыстағы полиция полковнигі, ҚР Ішкі істер органдарының Құрметті қызметкері, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты Шаймағанбетов Әмірбек Бердібекұлы 1963 жылы 7-наурызда Жалағаш ауданы Жаңаталап совхозында дүниеге келді. 1970 жылы Аққыр ауылындағы №188 мектепке барады. 1978 жылы Шымкент қаласындағы №144 орыс-қазақ мектебіне ауысып, үздік бағамен бітірді. 1980-1985 жылдары Өскемен жол құрылысы институтының Алматыдағы жалпы техникалық факультетінде жоғары білім алды. Алғашқы еңбек жолын Жол құрылысын жобалау институтының Қызылорда филиалында жобалаушы-инженер болып бастады. 1985-1987 жылдары Белоруссиядағы әскери әуе күштерінің 402-ші арнайы мақсаттағы полкінде борышын өтеп, лейтенант шенін алды. Әскерден оралған соң партия қатарына қабылданып, 1987 жылы партияның жолдауымен Қызылорда қалалық ішкі істер бөліміне қарасты мемлекеттік автоинспекциясына (МАИ) қызметке орналасты. 1987-1988 жылдары Саратов милиция мектебінде алғашқы қайта даярлау курсынан өтіп, Қызылорда қалалық мемлекеттік автоинспекциясының жол қозғалысын ұйымдастыру және қадағалау аға инспекторы-аға инженері қызметіне келді. Одан соң әр жылдары зейнет демалысына шыққанша сол салада жеке рота командирінің орынбасары, штаб басшысы, Қызылорда қалалық ішкі істер бөліміне қарасты мемлекеттік автоинспекцияның басшысы, Қызылорда облыстық жол полициясы басқармасының басшысы, Қызылорда облыстық криминалды полиция басқармасының аса ауыр қылмыстарды ашу бөлімінде бөлім басшысы, Қызылорда облыстық көші-қон полиция басқармасы басшысының орынбасары, Қызылорда облыстық көші-қон полиция басқармасының басшысы, Сырдария аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы, Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасының басшысы, Қызылорда облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары қызметтерінде болды.
Құқық қорғау саласындағы басшылық қызметтің қай-қайсын да нәтижелі һәм абыройлы атқарды. Саладағы жұмыстарды жүйелі жүргізіп, оңтайлы ұйымдастыруда, аса ауыр қылмыстарды ашуда, қоғамдық тәртіпті қадағалап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі белсенділігі арқылы өз саласының нағыз кәсіби маманы екенін көрсетті. Отыз жылдан астам қызмет істеп, зейнет демалысына шыққан соң да «Дорстрой» компаниясының атқарушы директоры болып, еліміздің әр аймағында өңіраралық қатынаста маңызды жолдарды салды. Одан кейінгі жылдары Қызылорда қаласы әкімінің кеңесшісі қызметін атқарды. Осы уақыттарда әлем елдері тәж-тажалдың құрсауында қалып, дүние дүрбелеңге түсіп, адамзат дүрлігіп жатты. Міне, осындай сындарлы сәт Әмірбек Бердібекұлының мойнына тағы да үлкен жауапкершілік жүктеді. Жұқпалы дерттің өршіп, жылдам тарап жатқан кезінде еліміз бойынша төтенше жағдай жарияланып, ел тұрғындарына оқшаулануды ескерткенімен, кейбір азаматтар карантин талаптарын сақтамай, індет ошағын ұлғайтты. Осындай қиын кезеңде де белсенділік танытқан ол сақтық шараларын халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу бағытында арнайы құрылған топтардың жұмысын үйлестіріп, қатерлі індетпен күресу жолында тәулік мезгілімен санаспай табанды һәм тынымсыз еңбек етті. Бұл сындарлы кезең де Әмірбек ағамның тұлғасын зорайтып, абыройын аспандатып, жұлдызын жарқыратты. Нәтижесінде ел басына күн туғанда көрсеткен ерен еңбегі үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен «Халық Алғысы» медалін кеудесіне тақты.
Сөз басында Әмірбек ағамның әңгімешілдігі жайында айттым. Бұл кісі әңгімені ауызша таратушы ғана емес, кейінге мұра болар қағазға түскен жазбалары да бар. Мерзімді баспасөз беттеріне түрлі тақырыптармен өз саласындағы жұмыстарды қамтитын көлемді мақалалар жариялап келеді. Бірнеше жыл бұрын Қазақстан Журналистер одағының мүшесі болып қабылданды. Соңғы жылдары шығармашылыққа ден қойды. Әдебиеттің детектив жанрына қалам тартуға кез келген адамның жүрегі дауаламайды. Әрі десе, бұл жанр бізде кенжелеп қалған. Әйтсе де құжаттармен, дәлел-дәйектермен, айғақтармен ғана мәні ашылатын деректі шығармаларға арқау болар шытырман оқиғалар Әмірбек ағамның қорында баршылық. Ұзақ жылғы қызметтік жолында талай-талай жантүршігерлік қылмыстық оқиғалардың куәсі болған. «Операция Набат» және «Шымкентский транзит надежд» деп аталатын шытырман әңгімелері жазушы Кемел Тоқаев атындағы республикалық детектив шығармалар байқауында жүлделі ІІ орынды иеленді. Сонымен бірге орыс тіліне аударылған бірнеше шығармасы Ресей Федерациясы ІІМ-нің «Қалқан мен Қалам» (Щит и Перо) атты детективті шығармалар халықаралық байқауының «Содружество» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, арнайы дипломмен және бағалы сыйлықпен марапатталды. Иә, автордың бұл еңбегін детектив жанрын дамытуға, тіпті әдебиетке қосқан үлесі деп білуіміз керек. 2021 жылы жазушы Нұрлыбек Саматұлымен бірлесіп жазған «Тәуелсіздік қырандары» атты кітабы жарық көрді.
Депутаттық мандаты қолына тиген бойда қызметіне қызу кірісті. Содан бері өзін сайлап, таңдау түсірген жалағаштықтардың сенімінен шығуы үшін ел ішіндегі кезек күттірмейтін өзекті мәселелерді мәслихат мінберінен батыл көтеріп келеді. Сөз жүзінде қалып қоймай, көпшілігі оң шешімін тапты. Халық қалаулысы ретінде ең алдымен ауылдық округтер мен елді мекендердегі әлеуметтік мәселелерге назар аударды. Мәселен, ауыл халқы көбіне сапалы медициналық көмекке мұқтаж. Әсіресе, аудан орталығынан шалғай ауылдарға білікті дәрігер және жаңа «Жедел жәрдем» көлігі қажет. Бұл Әмірбек Шаймағанбетовтың ауылдарға барған сайын алдынан шығатын сауал. Депутат осы мәселені тиісті жеріне жеткізді және орайлы шешілуіне атсалысты. Нәтижесінде, Жалағаш ауданының 6 ауылына жаңа «Жедел жәрдем» көлігі берілді. Сонымен бірге 3 ауылға заманауи үлгімен типтік жобадағы емхана салынды. Одан бөлек, бірнеше ауылдың ішкі көшелері асфальтталды. Аққыр ауылының орталығынан ангар типтес спорт кешені ашылды. Бұл заманауи жаңа нысанның жобасы халық сайлаған депутаттың қозғауымен, «Қазақстан халқына» қорының қаржысымен және аймақ басшысының қолдауымен жүзеге асты. Аққыр ауылынан әлемді бағындырған спортшылар шыққан. Дзюдодан екі дүркін Әлем чемпионы Жеңісбек Жақсыбектің кіндік қаны осы ауылда тамған. Әрдайым спорттық шараларға демеуші, ал спортшыларға жанкүйер болып жүретін Әмірбек Бердібекұлы Жақсыбек сынды аққырлық чемпионның ізбасарлары шығады деген үмітпен осы нысанның ауыл орталығынан бой көтеруіне мұрындық болды. Қай кезде де елдің тыныштығы, қоғамдық тәртіптің тұрақтылығы аса маңызды. Осы орайда бірнеше ауылдық округтегі учаскелік полицияларға жаңа қызметтік көлік берілгенін де айта кетуіміз керек. Міне, осындай игілігі елге ортақ жұмыстардың басы-қасынан үнемі Әмірбектей азаматтың төбесі көрініп жүреді.
Бүгінде зейнет демалысына шықса да, қоғамдық өмірден тысқары қалмай, елдің ертеңгі келешегі үшін, жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін қызмет істеп келе жатқан Әмірбек Бердібекұлының екінші тынысы ашылды. 2025 жылдан бастап Ішкі істер органдары мен Ұлттық Ұлан ардагерлер ұйымының төрағасы болып сайланды. Сырт көзге көрінбегенімен, жауапкершілікті талап етеді. Ұйымның Жарғысы бойынша жүргізілетін жұмыстарынан бөлек, құқық қорғау органдарынан зейнетке шыққан ардагерлердің жиі басын қосып, түрлі шаралар ұйымдастыруда ең алдымен қабілет-қарымың, білім-білігің, өмірлік тәжірибең, ерік-жігерің сынға түседі. Алайда ол кісі осындай қат-қабат жұмыстардың барлығына төзімділік таныта жүріп, аса жауапкершілікпен қарайды. Қисайғанды түзетіп, жыртылғанды бүтіндеп, жоғын түгендеп жүреді. Одан бөлек, былтырдан бері Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қордың төрағасы болды. «Нар жолында жүк қалмас» деген ғой бұрынғылар, бұл да елжанды азаматқа артылған үлкен сенім. Әмірбек Бердібекұлы – Темірбек Жүргеновтің ұрпағы. Бүгінде Қор төрағасы ретінде қоғам және мемлекет қайраткерінің өмір жолы мен артында қалған құнды мұраларын зерттеп, оны жас ұрпаққа насихаттау бағытында белсенді жұмыс жасап келеді.
Әмірбек ағам өз өмірінде, қызметтік жолында жақсылардың шарапатын көп көргенін жиі айтып жүреді. Бірде «Жаңақорған шипажайында» демалып жатқан қазақтың қайсар ұлы Қасым Қайсеновтің батасын алыпты. Сол кездесуде Қасым Қайсенов: «Әмірбек інім, ерлік тек соғыста жасалмайды, нағыз ерлік – әр адамның бейбітшілікті сақтауға қосқан үлесі. Маман ретінде де, азамат ретінде де қоғам тыныштығын сақтау жолында еңбек етіп келе жатыр екенсің. Ендеше, міне, нағыз батыр сен және өзің секілді азаматтар. Қане, қолыңды жай, батамды берейін. Құдайың төбеңде тұрсын, дұшпаның табаныңда жатсын. Жүзің жайдарлы болсын, сөзің айбарлы болсын, жолыңда жау тұрмасын! Әумин!» деп бетін сипапты. Батамен ер көгеретінін бұрынғылар бізден бұрын айтып кетіпті. Аядай ауылдан шығып, аймаққа аты ерте танылған Әмірбек Бердібекұлы да үлкендердің батасымен, жақсылардың шарапатымен орта жастан ауды. Енді әрі қарайғы ғұмыры да абыроймен, мәнді, мағыналы, өнегелі жолмен жалғаса беретініне шүбә жоқ.
Қуат АДИС,
Қазақстан Жазушылар және
Журналистер одағының мүшесі





