Өндіріс алаңдарының жұмысымен танысты

5

0

Елорда нысандарын аралау кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Tausogar зауытына барды. №1 Индустриалдық паркте орналасқан кәсіпорын құрылыс саласын заманауи жүк көтергіш машиналармен және механизмдермен қамтамасыз етеді.

Президент елдегі ірі құрылыс компания­ларына қажетті мұнара крандары және эска­латорлар өндірісімен танысты. Қазір Tausogar зауытында жоғары білікті 44 маман еңбек етеді. Өндіріс орны жылына 200 лифт, 70 эскалатор және 70 мұнара кранын шығара алады.

Мемлекет басшысы еңбек ұжымымен әңгі­мелесу барысында кәсіпорынның ел инфра­құрылымын дамытуға қосқан үлесін атап өтіп, оның алдағы уақытта бәсекеге қабілеттілігі арта түсетініне сенім білдірді.

Президент Астананың №1 Индустриалдық паркінде орналасқан бірқатар кәсіпорынның қыз­метімен танысты. Мұнда винилді гипсокартон панелін шығаратын «Гипсовинил», өрт дабыл­дары, бейнекамералар мен домофондар өндіретін QR Systems зауыттарының өнімдері көрсетілді. Сондай-ақ көрмеде «Астана электро­техника зауытының», «Арыстан» Астана құбыр зауытының», құрылыс және жол химиясына маманданған ARGP кәсіпорнының қызметі жөнінде мағлұматтар ұсынылған.

Бұдан бөлек, мемлекет-жекеменшік серік­тес­тік қағидаты бойынша пайдалануға берілетін №2 Индустриалдық паркінің даму перс­пективасы жайында баяндалды. Аталған алаңда жалпы құны 500 миллиард теңгеден асатын және 8 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 100-ден астам жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар логистикалық инфра­құрылымды ілгерілету бағытында белсенді жұмыс атқарылуда. Соның ішінде «Астана-Технополис» арнайы экономикалық аймағында логистикалық парк құрылатын болады.

Астананың жалпыұлттық пулы аясында 1,9 триллион теңгеге 120 жоба жүзеге асырылады. Осы арқылы 22 мыңға тарта жұмыс орнын ашу көзделген.

Мемлекет басшысы шынжыр табанды және дөңгелекті бронды машиналар шығаратын, сондай-ақ оларға техникалық қызмет көрсететін Besqaru зауытына барды. Цехтардағы құрастыру жұмыстарын аралап көріп, қорғаныс өнеркәсібі кешеніне қарасты кәсіпорынның технологиялық процестерімен және өндірістік мүмкіндіктерімен танысты.

Компания жылына 200 бронды техника құрастырады. Олардың қатарында суды кешіп өте алатын, дөңгелекті Taimas8x8, Aibar 4×4 бронды машиналары, сондай-ақ Tulpar шынжыр табанды техникасы бар. Besqaru компаниясы өз өнімін Қорғаныс министрлігі мен басқа да күштік құрылымдарға арнап шығарады. Өндіріс алаңы биыл ақпан айында іске қосылды. Жалпы құны 13,5 миллиард теңге болатын жоба аясында 134 жұмыс орны ашылды.

Мемлекет басшысы зауыт қызметкерлерімен әңгімелесіп, олардың еңбегі өнімді болуына тілектестік білдірді.