Жаңақорғанда өндіріс өркендеп келеді. Оның бір айғағы – облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов және облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешевтің қатысуымен асфальт зауытының ашылуы. Осы салтанатты рәсімде облыс әкімінің орынбасары өнеркәсіп саласында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Өңіріміз құрылысқа қажетті негізгі материалдармен қамтамасыз етілген. Цемент, шыны, қиыршық тас, асфальт бетон, металл өңдеу, құрғақ құрылыс қоспалары мен темірбетон бұйымдары өндірісі жолға қойылған. Бір сөзбен айтқанда, Қызылорда құрылыс кластері алаңына айналып келеді.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Жергілікті өнім өндірушілердің құрылыс материалдарының әлеуетін барынша пайдалану маңызды. Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қолдайды» деген болатын.
«Шалқия тас» серіктестігі асфальт зауыты жобасын былтыр бастап, қазір алғашқы өнімін шығаруда. Баршаңызды облысымыз үшін индустриялық, әлеуметтік, экологиялық тұрғыда тиімді жоба – асфальт зауытының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Зауыт облысымыздың, оның ішінде Жаңақорған ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Оған атсалысқан жеке инвестор «Шалқия тас» серіктестігіне алғыс білдіреміз. Зауыт жұмысы табысты, өндірісі берекелі болсын! – деді облыс әкімінің орынбасары.
Рәсімде аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар және мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Жаңақорған ауданының құрметті азаматы Бақыт Нұртазаев құттықтау сөз сөйледі.
Айта кетейік, «Шалқия тас» серіктестігінің асфальт зауыты жобасы аясында өңірімізге 700 млн теңге инвестиция тартылды. Барлық инженерлік инфрақұрылым жеткізіліп, мемлекеттік қолдау ретінде 6 гектар жер телімі берілді. «Шалқия» кен орнынан доломит өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығы табысталған. Жоба аясында 15 жұмыс орны ашылды. Зауытта сағатына 150 мың тонна асфальт өндіріледі.
Жол бойындағы жаңа кешен
Жаңақорғандағы тағы бір жаңалық – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің бойында қызмет көрсету кешені ашылды. Игілікті іс-шараға облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, аудан тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары атап өткендей, инвестиция тарту саласында ауқымды жұмыс атқарылуда. Биыл 720 млрд теңгеден астам инвестиция тартылады. 2025-2028 жылдары 98 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 12 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл 54 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Қазіргі уақытта 36 жоба бойынша жұмыс басталып кетті.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомобиль дәлізінің бойында 55 сервистік кешен бар. Бұл – «Caspian Service Asia» серіктестігі салған В санатты заманауи жол бойы қызмет көрсету кешені. Жоба құны 1 млрд теңге, 22 орындық қонақүй, 110 келушіге арналған қоғамдық тамақтану орны, 50 орындық монша, автовокзал және жанар-жағармай бекеті сынды нысандар іске қосылды. Кешенде 64 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
– Аймақ басшысы өткен айда ауданға іссапармен келгенде жаңа нысанды көріп, жол бойындағы қызмет көрсетудің озық тәжірибелеріне сүйеніп жұмысты жетілдіре түсу маңызды екенін атап өткен болатын. Жаңа кешеннің жұмысы табысты, берекелі болсын! – деді А.Зебешев.
Рәсімде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар мен жол бойындағы қызмет көрсету кешенінің құрылысын салған мердігер мекеме өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, Сырдария, Жаңақорған аудандарының құрметті азаматы Сұлтанбек Тәуіпбаев бата берді.
Айта кетейік, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомобиль дәлізінің Қызылорда облысы аумағында 58 сервистік нысан жұмыс істейді, 1 050 адам жұмыспен қамтылған. Олардың 55-і, яғни 94,8 пайызы ұлттық стандарттарға сәйкестендірілген. Бұл көрсеткішпен Қызылорда облысы республикадағы алғашқы үштікке кіреді.
«СБ» ақпарат





