Өнегелі отбасыларға құрмет көрсетілді

5

0

Фото: Жалағаш ауданы әкімдігі

Наурызнама онкүндігі аясында 17 наурыз – «Шаңырақ күніне» орай аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов «Алтын той» иелерін мерейлі мерекемен құттықтап, өнегелі отбасыларға құрмет көрсетті.

Шара барысында аудан әкімінің орынбасары М.Шәменов ауылының үлгілі шаңырағы – жарты ғасыр бойы тату-тәтті өмір сүріп, ұрпақ тәрбиелеп отырған Басанов Айтқали мен Искакова Баян апамыздың отбасын арнайы құттықтады.

Сондай-ақ, мерекелік күні көпбалалы жас отбасы Ерғалиевтер де ерекше құрметке бөленді. Балаларын тәрбиелеп, қоғамға өнегелі отбасы ретінде танылып отырған бұл шаңырақтың анасы «Алтын алқа» иегері атанып, аналық мейірім мен ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесі үшін зор құрметке ие болып отыр.

Мерейлі мерекеде екі отбасыға да аудан әкімінің арнайы Құттықтауы табысталып, ізгі тілектер айтылды. Кездесу барысында аудан әкімінің орынбасары отбасы – қоғамның негізгі тірегі екенін атап өтіп, өнегелі шаңырақтардың тәжірибесі мен өмірлік ұстанымы жас ұрпаққа әрдайым үлгі болатынын жеткізді.

Тағылымды кездесуде отбасы құндылықтары, ұрпақ сабақтастығы, үлкенге құрмет пен кішіге ізет сынды ұлттық тәрбиенің мәні кеңінен сөз болды. Өз кезегінде құрметке бөленген отбасы мүшелері көрсетілген ықылас пен ілтипат үшін алғыстарын білдіріп, ел амандығы мен берекесі үшін ақжарма тілектерін жеткізді.

Жалағаш ауданы әкімдігі