Халықаралық театр күніне орай Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында мерекелік шоу бағдарлама өтіп, оның аясында театр ардагерлері, шығармашылық құрам, сонымен қатар, театр өнерінің дамуына өз деңгейінде үлес қосып келе жатқан сала өкілдері сый-құрметке бөленіп, түрлі марапаттар иеленді.
Салтанатты шара басында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова ұжымды төл мерекесімен құттықтап, құрылғанына 70 жыл толып отырған театрдың жыл көлемінде атқарған жемісті жұмыстарын атап өтті. Мерекеге орай артист Ернис Машраповты облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттап, сахна жұмысшысы Еркін Жұпарымбетов және кіші қызметкер Гүлнұр Бейсембаеваға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының Алғыс хатын табыстады. Сонымен қатар, облыстық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Раушан Үмбетова бірқатар өнер өкілдерін салалық кәсіподақтың «Еңбек даңқы» төсбелгісімен, Құрмет грамотасымен және Алғыс хаттарымен марапаттады.
Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан театр қайраткерлері одағы облыстық филиалының төрағасы Ұғым Баймаханов жыл аясында үздік өнер көрсеткен артистерге Қазақстан театр қайраткерлері одағының Құрмет грамотасын табыс етті.
Әріптестерін кәсіби мерекесімен құттықтаған театрдың абыз ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда облысының құрметті азаматы Хұсейін Әмір-Темір Шолпан Бәкірова атындағы ауыспалы жүлдемен артист Жауһар Еркінованы, Тұрысжан Айнақұлов атындағы ауыспалы жүлдемен артист Сұлтанбек Бисеналиевті, Серік Пірмахан атындағы ауыспалы жүлдемен суретші Нұрахат Иманғалиевті, Шайтұрсын Әбдібаев атындағы ауыспалы жүлдемен артист Аманжан Шегебаевты марапаттады.
«Жылдың үздік актері» Асқар Оразалиев атанса, «Жылдың үздік актрисасы» номинациясы артист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зәлипа Төлеповаға табысталды.
*
Халықаралық театр күні мерекесіне орай қалалық Жастар театры өзбек әдебиетінен алынған «Қызыл алма» комедиялық қойылымын сахналап, көрерменге керемет көңіл күй сыйлады.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<