Топ-баннер2

Өнердің өркенін жалғаған

126

0

Қазақ халқының дәстүрлі музыкалық мәдениеті – ұлттың тарихи жады мен рухани дүниетанымын сақтаушы маңызды құндылықтардың бірі. Соның ішінде Сыр бойында қалыптасқан жыраулық өнер ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, көркемдік, тәрбиелік және танымдық қызмет атқарып келеді. Бұл өнер түрі халықтың әлеуметтік тәжірибесін, дүниетанымын, моральдық-этикалық қағидаларын жыр, терме, толғау арқылы көркем тілде жеткізетін бірегей мәдени феномен ретінде бағаланады. Жыраулық дәстүрдің сақталуы мен дамуы, ең алдымен, ұстаз-шәкірт сабақтастығына негізделген. Дәстүрлі өнер өкілдерінің шығармашылық тұлға ретінде қалыптасуында көрнекті жыраулардың тәлім-тәрбиесі, рухани бағыт-бағдары айрықша рөл атқарады. Осы тұрғыдан алғанда, белгілі жырау Алмас Нұрмаханұлы Алматовтың ұстаздық қызметі мен оның шәкірттеріне көрсеткен шығармашылық әрі адамгершілік қамқорлығы – Сыр өңірі жыраулық дәстүрінің дамуындағы маңызды факторлардың бірі.

Менің бұл жазбамда Сыр бойы жыраулық өнерінің өкі­лін тұлғалық және кәсіби тұр­ғы­да қалыптастыру үдерісі, сон­дай-ақ дәс­түрлі өнердің за­манауи мә­дени кеңістікте жа­­ңаша та­ныту жолдары жеке шы­ғар­ма­шы­лық тәжірибе негізінде қа­растырылады. Мақ­сатым – ұстаз бен шәкірт дәс­­түрінің жы­раулық өнерді сақтаудағы ма­ңызын ашып көр­сету және Сыр өңіріне тән жыр­шылық мек­тептің мәдени-рухани құнды­лығын зер­делеу.

Өнерге деген қызығушы­лық бойымда ерте жастан қалып­тасты. Радио мен теледидар ар­қылы халық өнерпаздарының орындауындағы шығармаларды үзбей тыңдап, әсіресе дом­бы­­рамен ән салу, жыр-терме орын­дау эсте­тикалық тал­ғамымның дамуына ерек­ше әсер етті. Мұндай орындауларды зер сала тың­дап, мүмкіндігінше жат­тап алуға ұмтыла­тынмын.

1992 жылы Қызылорда қала­сындағы Ілияс Қабылов атындағы №12 қазақ орта мек­те­бінде 9-сыныпты тәмамдар тұста мек­­тепке белгілі жырау, дәстүрлі өнердің көр­некті өкілі Алмас Алматовтың келетіні бел­­гілі болды. Осыған байланысты мек­теп ди­­рек­торы Галина Мус­лим­қызы мені арнайы шақырып, терме орындауды тапсырды. Бала кезден үйреніп жүрген бір­неше толғау мен термелерім болғандықтан, бұл тапсырма­ны зор жауапкершілікпен қабыл­да­дым. Келесі кү­ні мектеп сах­­на­сына шыққан жыраудың Па­­­риж сахнасында Әміре Қа­шау­баевтан ке­йін өнер көрсет­кен тұлға екенін сол сәтте ға­на толық ұғындым. Алмас Ал­мат­ов өз лек­ция-концертін аяқ­та­­ғаннан кейін, мектеп әкім­­ші­­лігінің ұсынысымен мені сах­наға ша­қырды. Өнеріме қы­зы­ғушылық танытып, бір­неше термені қатарынан орында­уым­ды сұрады. Шыққан тегім мен отбасым туралы біліп, қазақы тәрбиенің негізі саналатын үл­кенге құрмет, кішіге ізет қа­ғи­даларын ерекше атап өтті. Сол сәттен бастап Алмас Алматов шығармашылық қабілетіме оң баға беріп, шәкірт ретінде қа­был­дады. Әкем де бұл ше­шімді құптап, дәстүрлі өнерді терең меңгеру үшін жыраудың жанында жүруіме келісімін білдірді. Кейінірек мені Н.Го­голь атындағы педагогика инс­ти­тутында білім алып жүрген студенттерге алып келіп, сол жерде өнерімді таныстырдым.

1994 жылы аталған оқу ор­нына студент болып қабыл­да­нып, облыстық, республи­ка­лық және халықаралық деңгейдегі түрлі өнер байқауларына қаты­сып, жүлделі орындарға ие бол­дым. Бұл кезеңде Алмас Ал­мат­овтың ұс­таздық, ағалық әрі әкелік қамқорлығын сезіндім.

1998 жылы Қорқыт ата атындағы Қы­зылорда универ­ситетін үздік аяқтаған соң, Ал­мас ағам: «Өзімнің қасымда ұс­таздық жолды жалғасты­расың» деп, сол оқу орнында оқытушы ретінде еңбек жолымды бас­та­дым. Университет жанынан құрылған «Дидар» этно-фольк­лорлық ансамблінде солист-жы­рау қызметін атқардым. Ұс­таздарымның не­гізгі талабы Сыр бойының жыраулық дәс­түрін заманауи ансамбльдік фор­матта жаңаша таныту бол­ды. Осы мақсатта терме мен ма­қамдарды ансамбльге бейім­деу мәселелерін тәжірибелі өнер иелерімен, Алмас Алматов, Жұ­мабек Аққұлов ағаларыммен ақылдасып жүзеге асырдым.

«Дидар» ансамблімен бір­лесіп, респуб­ликалық бай­қау­­ларда жеңіске жетіп, шет­елдік мәдени іс-шаралар­да Қа­зақ­стан өнерін танытуға мүм­­кін­дік алдық. Атап айт­қан­­да, 1999 жылы Түркия­ның Стамбул қаласында өткен Жас­­тар фестивалінде лауреат атандым. Өзбекстан, Қарақал­пақстан, Әзер­байжан, Ресей, Түркия, Оңтүстік Корея, Фин­ляндия, Эстония, Испания мем­лекеттерінде өнер көрсеттім. Бір кезеңде Алмас Алматовтың кеңесімен Алматы қаласындағы күйші Айгүл Үлкенбаева құр­ған «Керулен» ансамбліне қо­сылып, Сыр бойы жыраулық өнерін жаңа қырынан таныту мүмкіндігіне ие болдым. Бұл шы­ғармашылық ұжым құра­мында еліміздің танымал өнер қайраткерлерімен бірге өнер көрсету бақыты бұйырды. Ан­самбльде Еділ Хұсаинов, Айгүл Үлкенбаева, Мақсат Жүсіп­әлі, Раушан Оразбаевамен бірге жұмыс жа­садым.

Алмас Алматовтың шәкірт­теріне көр­сет­кен адамгершілік қамқорлығы тек өнермен шек­телмей, өмірлік бағыт-бағ­дар бе­румен жалғасты. 2000 жы­лы отбасылық өмірге қа­дам ба­сар сәтте, ол кісі құдалық рәсіміне бас­шылық жасап, сый­­­­ластықтың үлгісін көр­сетті. Бұл ұстаздың рухани тә­лі­мінің айқын кө­рінісі еді. Ұстаздан алған тағы­лымның нә­ти­жесінде өнер жолында өз орнымды қа­лып­­тастырып, бү­гінде шәкірт тәрбиелеу ісімен айналысып келемін. Мұның барлығы Сыр өңірі жыраулық өнерінің терең рухани құн­ды­­лығын айқындайды. Осы қа­сиетті өнерді бойыма сіңіре біл­ген, бала жастан өнерімді та­ныған, шығармашылық жо­лымды айқындаған ұстазым Алмас Алматовқа шексіз риза­шылығымды білдіремін.

Руслан АХМЕТОВ,

«Ерен еңбегі үшін»

медалінің иегері