Біздің қазақта «Жігітке жеті өнер де аз» деген қанатты сөз бар. Бұл тәмсілдің қыз балаға да тікелей қатысы барын жоққа шығара алмаймыз.
Өмірдегі жетістіктің, ілгері басудың, тығырықтан шығар тетікті табудың төте жолы – қандай жағдайда да көңіл күйіңді түсірмеу. Әрине айтуға ғана оңай, бірақ шындығы сол. Буын ауруы жиі мазалап, дәрігерге көрініп ем алып он екі мүшесі сау адамдардай еңбек етуге жарамсыз, мүмкіндігі шектеулі деген анықтама берілгенде Мөлдірдің де біршама уақыт көңіл күйдің жетегіне еріп, уайымға берілгені рас. Бірақ өзін-өзі қолға алып, бүгінгі күні мүмкіндігінің шектеусіз екендігін дәлелдеу үшін жігерін жанып, алға ұмтылып келеді.
Мөлдір Тұрмаханова Қазалы қаласында дүниеге келді. Мектепте өте жақсы оқып, үздік аттестатпен бітірді, әсіресе орыс тілін ана тіліндей меңгерді. Мектеп қабырғасында волейболдан аудандық, облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындар иеленді. Грант иегері атанып, 2009 жылы Қорқыт ата университетінің физика-математика факультетіне қабылданды. Бірақ оқып жүргенде буын ауруына шалдығып академиялық демалыс алып, аталған оқу орнын 2015 жылы ғана бітіріп шықты. Сол жылы емін жалғастыруға Талсуаттағы оңалту орталығына барғанда тағдырластарымен жолығып сырласу, пікір алысу, алдағы болашағы туралы арман, мақсаттары туралы ой бөлісті. Интернет желісі арқылы изолон материалы қолөнер бұйымдарын жасауға қолайлы екенін және өзінің осыған бейімі бар екенін сезінді.
Уақыт өте келе, материалға тапсырыс беріп үй жағдайында арнайы құралмен қыздыру арқылы әртүрлі формада тұтас гүл көрмесін жасап шықты. Өнерін аудандық кәсіпкерлік бөлімі бағалап грантқа ие болды, кәсіп ауқымын кеңейтті. Шебердің қолы ортақ, Қызылорда, Шымкент, Алматы, Астана қалаларынан тапсырыстар түсіп, екі жыл кәсібінің игілігін көрді. Осы өнерінің аясында, 2020 жылы Қызылорда қаласында кондитерлік цехқа әрлеуші-декоратор болып орналасты.
Туған күн, той торттарын арнайы тапсырыспен әртүрлі формада әрлеу өз нәтижесін беріп, Мөлдір алты айдан кейін кондитерлік цехтың Ақтау қаласындағы бөлімшесіне жіберілді. Ол жерде кәсібі шын мағынасында ілгері басып, танымалдыққа ие бола бастаған. 2023 жылы әкесі қайтыс болып, анасы науқастанып екінші топ мүгедектігі тағайындалып, амалсыз елге оралды.
Мөлдір Тұрмаханова стол теннисінен ерекше қажеттілігі бар жандар арасындағы облыстық жарысында бірінші орынды жеңіп алды, республикалық сайыстардан тыс қалған емес, спорт шеберлігіне кандидат. Бұған қоса, мықты IT маманы. Әттең, оның жасаған дүниесін сөзбен сезінгеннен гөрі, көзбен көрген адам жеті өнерді меңгерудің жігітке ғана емес, қыз балаға да бөтен болмайтынын түсінер еді.
Әлімжан ҚИЯС.
Қазалы ауданы





