Өңір дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталды

129

0

Фото: Жалағаш ауданы

Кеше Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың қатысуымен салтанатты жиын өтті.

Салтанатты жиында аудан әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, нәтижелі еңбек етіп жүрген азаматтарға облыс әкімінің атынан және өз атынан алғыс білдірді.

«Өздеріңізге белгілі, 30 қазан күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген болатын. Сапар барысында аймақтағы жаңа әлеуметтік, инфрақұрылымдық, өндірістік нысандарды аралап, бірқатар ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Сондай-ақ облыс жұртшылығымен кездесіп, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында атқарып жатқан қарымды қызметін жоғары бағалап, «Облыс жалпы жақсы дамып келе жатыр. Қарқыны жоғары», – деп оң пікірін білдірді. Бұл – Мемлекет басшысының биік сенімін ақтап, халыққа адал қызмет етудің, мемлекеттік мұрат жолында білім мен білікті жұмсап, ел үшін аянбай еңбек етудің шынайы үлгісін көрсетіп жүрген, барша жерлестерімізді береке-бірлікке ұйытып отырған аймақ басшысының қыруар жұмысты ұтымды ұйымдастыруының нәтижесі», – деді А.Ибраимов.

Сонымен қатар, аудан әкімі Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ерекше қолдауының, облыс әкімінің ұтымды үйлестіруінің арқасында «Алаштың анасы» атанған қасиетті Сыр өңірі бүгінде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп отырғанын атап өтті.

«Баршаңызға аймақ басшысының зор ризашылығын, алғысын жеткіземін. Алдағы уақытта да Қызылорда облысының өсіп-өркендеуіне, халқымыздың әл-ауқатын арттыруға аянбай еңбек ете бергейсіздер! Ел игілігі жолындағы қызметтеріңізге биік абырой, өздеріңізге зор денсаулық, отбастарыңызға бақ-береке тілеймін!» – деді аудан әкімі.

Аудан әкімі аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді үлес қосқан бір топ азаматтарды облыс әкімінің атынан Қызылорда облысының Құрмет Грамотасымен және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.

Салтанатты шара соңы концерттік бағдарламамен жалғасып, көркем өнерпаздар көрермендерге әннен шашу шашты.

Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі