Өңір халқы бірліктің үлгісін көрсетті

6

0

Фото: Аудан әкімдіктері

Кешегі өткен ел өміріндегі қоғамдық-саяси науқанды Сыр халқы бірлікпен атқарғаны белгілі. Өңірде 378 дауыс беру учаскесі таңғы сағат 07:00-де өз жұмысын бастап, тұрғындарды қабылдауға кірісті. Мұнда 2642 комиссия қызмет атқарды. Бақылаушылар тарапынан референдум ашықтығы, заң талаптары қатаң қадағаланды. Барлық 378 учаскенің 126-сы Қызылорда қаласында, қалғандары аудандарда орналасқан.

Дауыс беру кешкі сағат 20:00-де аяқталды.

Облыстық сайлау комиссиясының мәлі­метінше, аймақта азаматтардың учаскесін анықтауға арналған 179 онлайн-сервис жұмыс істеген. Сондай-ақ азаматтарды уақытша тіркеу қызметімен айналысатын 5 онлайн учаске құрылған. Сондай-ақ облыста қимыл-қозғалысы қиын мүгедектігі бар азаматтарды тасымалдау үшін 67 инватакси мен 49 учаскеде сурдоаудармашылар қызмет көрсеткен.

Жалпы бұл күні қала мен аудандардағы көптеген учаске маңында мерекелік көңіл күй қалыптасып, спорттық сайыстар мен мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, әжелер ансамбльдері өнер көрсетіп, жергілікті өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашты. Ел ішіндегі өнегелі әулет өкілдері бір уақытта келіп, өз таңдауларын жасап жатты. Сондай-ақ облыс атын танытып жүрген спортшылар, мәдениет және әлеуметтік сала қызметкерлері, түрлі еңбек ұжымдарының өкілдері де қалыс қалмады. Азаматтық ұста­нымдарын білдіріп, ел болашағына қатысты дауыс берді.

ҚЫЗЫЛОРДА қаласында референдум учаскелерінде  тұрғындар таңғы уақыттан бастап белсенділік танытып, ел болашағына қатысты маңызды шешімге үлес қосты. Әсіресе жастар мен аға буынның белсенділігі ерекше байқалды.

Бұл күні тек саяси науқан ғана емес, халық­тың бірлігі мен ортақ жауапкершілігі көрініс тапты. Қаладағы дауыс беру учаскелерінде мерекелік көңіл күй әсерлі сезілді. Мәселен, №199 референдум учаскесінде дауыс беру процесі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Таңғы сағат 07:00-де учаске өз жұмысын бастап, комиссия мүшелері азаматтарды қарсы алып, дауыс беру тәртібін түсіндірді. Барлық учаскеде тұрғындарға ұлттық дәмдер ұсынылды.

Саяси науқанда қазақ күресінен Әлем чемпионы, Әлем кубогінің иегері, «Еуразия Барысы» турнирінің жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұрым Сәлімгереев өз таңдауын жасады. Танымал спортшы саяси науқанда әрбір азаматтың дауысы елдің ертеңі үшін аса маңызды екенін атап өтті. Тынымсыз еңбек үстіндегі «Қызылорда тазалығы» мекемесінің тазалықшылары да бекітілген учаскеге келіп, дауыс берді.

Ал №200 референдум учаскесінде дауыс берушілерді есік алдынан роботтар күтіп алып, келушілерге жол сілтеп, сәттілік тіледі.  Бұл – ІТ мектептің тосын сыйы болды.

Қалааралық бағытта автобус жүргізетін Раушанбек Дәнілбаев саяси науқаннан қалыс қалмай, өз таңдауын жасады.

– Ел өміріндегі маңызды науқаннан тыс қалмай, референдумға қатысуды көптен бері жоспарлап жүрдім. Сәтін салып, бүгін туған жерге табаным тиді де, бірінші кезекте үйге емес, референдум учаскесіне келдім. Сөйтіп, өз таңдауымды жасадым. Бұл – әр азаматтың ел тағдырына деген жауапкершілігі деп білемін. Өйткені менің дауысым – болашаққа деген сенімнің айғағы, – дейді ол.

Сондай-ақ денсаулық жағдайына бай­ланысты референдум учаскелеріне келе алмаған тұрғындардың дауыс беруіне арнайы жағдай жасалды. Комиссия мүшелері алдын ала түскен өтініштер негізінде жылжымалы референдум жәшігін алып, азаматтардың үйлеріне барып, дауыс беру процесін ұйымдастырды.

АРАЛ ауданында бірқатар референдум учаскелерінде алғаш келушілерге, 18 жасқа толған тұңғыш таңдау жасаушыларға арнайы сыйлық табысталды. Бұл бастама халық белсенділігін арттыруға ықпал еткендей.

Ауданға қарасты Мергенсай ауылдық округіндегі №23 референдум учаскесіне бір мезетте Раевтар әулетінің 9 келіні келіп өз таңдауларын жасады. Учаскеге әндетіп келген әулет келіндері ел болашағы үшін жасалып жатқан саяси науқанда осылайша ауызбірлік танытты. Сондай-ақ аудандағы кейбір учаскелер жүріп-тұруы қиын қарт кісілердің үйден дауыс беруіне мүмкіндік туғызыпты.

ҚАЗАЛЫ ауданындағы әр дауыс беру учаскесі мерекелік көңіл күйге толы бол­ды. Мұнда «Наурызнама» онкүндігімен үйлес­тірілген түрлі шаралар легі өтті. Этноауыл ұйым­дастырылып, ұлттық дәм түрлері әзірленген. Ұлттық киім киген аналар мен қариялар қатары тіптен мол. Ал Аранды ауылдық округіндегі №72 референдум учаскесінде бір көшеде тұратын келіндер ауызбірліктің үлгісін көрсетіп, дауыс беру учаскесіне бірге келген. Өз таңдауларын білдірген.

Жергілікті тұрғындармен бірге осында тұрып жатқан түрлі этнос өкілдері де ре­ферендумда дауыс берді. Сондай-ақ аудандық ауруханада ем алып жатқан 162 дауыс берушіге жылжымалы дауыс беру жәшігі жеткізіліп, азаматтар республикалық референдумнан қалыс қалмаған.

Айта кетейік, референдум күні Қазалы аудандық көпбейінді орталық аурухананың перзентхана бөлімінде екі нәресте дүниеге келді. Қазіргі таңда сәбилер мен олардың ата-аналарының жағдайы бірқалыпты.

ҚАРМАҚШЫ елінде республикалық референдумға қатысушылардың қарасы көп болғандай. Ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты аналардан бастап, жас буынға дейінгілер саяси науқанда сергектік танытты. Ұлттық нақыштағы киім киген қармақшылықтар өз учаскелерінде таңдау жасаған.

Аудан орталығы – Жосалы кентіндегі №95 референдум учаскесі алдында жергілікті өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдардың концерті ұйымдастырылды. Бұдан өзге радио­концерт арқылы тұрғындар ұлттық ән мен күй тыңдап, жергілікті өнерпаздардың өнерін жақсы әсермен тамашалады. Қосымша ұлттық спорттан сайыстар да өтті.

Ал III Интернационал ауылындағы Мәде­ниет үйінде орналасқан №106 референдум учас­кесі дауыс берушілерге ұлттық тағамдарды және дәстүрлі мәдениетті дәріптеуге арналған мерекелік жәрмеңке өткізген. Шарада ауыл тұрғындары мен қонақтар түркі халықтарының дәстүрлі тағамдарынан дәм татты. Айта кетсек, бұл елді мекен – көпұлтты тұрғындары бар Қармақшы ауданының маңызды орталығы. Сондай-ақ ғарыш айлағының ордасы – Байқоңыр қаласындағы 11 референдум учас­кесіндегі халық белсенділігі де жоғары болды.

ЖАЛАҒАШ ауданындағы әр мекеме бірауыздан референдумға қатысты. Ұжым болып, елдік ортақ іске белсенділік танытты, таңдауларын білдірді. Бұлардың қатарында орман шаруашылығы қызметкерлері, ауған және тәжік-ауған қақтығысының ардагерлері, ақ халатты дәрігерлер мен ұстаздар, көпбалалы батыр аналар мен жастар да бар.

Республикалық референдумға атсалыс­қандардың қатарында Қазақстанның Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев та бар. Ол Таң ауылдық округіндегі №136 референдум учаскесінде өз таңдауын білдірді.

– Бұл референдумның маңызы зор. Елдің, өзіміз тұратын ауылдың болашағына тамшыдай болса да үлес қосамын деген әрбір адамда осындай түсінік қалыптасуы керек. Еліміз мұнан әрі көркейіп, экономикасы дамып, әлеуметтің әлеуеті артады деп сенемін, – деген Еңбек Ері ел болашағы үшін дауыс беру әр азаматтың борышы екенін атап өтті.

Ауданда өткен республикалық референдум барысында барлық дауыс беру учаскелерінде арнайы фотоаймақтар қойылған. Дауыс беруге келген әр жалағаштық маңызды күнде арнайы безендірілген мұндай орында естелік суретке түсіп те жатты.

Өңір халқы бірліктің үлгісін көрсетті

СЫРДАРИЯ ауданында да барлық тұрғындарға дауыс беру мүмкіндігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жоғары деңгейде өтті. Соның бірі – мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған инватакси қызметі. Референдум учаскелеріне бара алмайтын азаматтар арнайы көлікпен жеткізіліп, өз таңдауларын жасады. Бұл – әрбір азаматтың конституциялық құқығын жүзеге асыруына жасалған маңызды қолдау. Игі істі аудан жастары ұйымдастырды.

Сондай-ақ тоғызқұмалақтан V Дүние­жүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бек­сұлтан Бос­тандықов референдумда өз таңдауын жасап, жастарды белсенді болуға шақырды.

Саяси науқанда «Мерейлі отбасы» бай­қауының жеңімпазы Әбсадықовтар отбасы да белсенділік танытып, дауыс берді. Өнегелі әулет елімізде  берекесі ұйыған отбасы көп болғанын тілейді. Жедел жәрдем қызметінің мамандары уақыттың тығыздығына қарамастан, азаматтық борыштарын орындауға мүмкіндік тауып, референдумға белсенді түрде қатысты.

Ауданда өтіп жатқан республикалық рефе­рендум аясында ұлттық дәстүрді дәріптеуге бағытталған ерекше шара – «Бауырсақ party» болды. Аудан тұрғындары бір алаңға жиналып, қазақтың ұлттық тағамын көпшілікке ұсынды.

Шараға қатысқан ақ жаулықты әжелер дастарқан жайып, келген азаматтарды бауыр­сақпен қарсы алды. Сонымен қатар, тұрғындар­ға қымыз бен шұбат ұсынылып, қонақжайлық дәстүр дәріптелді. Бұл көпшілікке ерекше әсер сыйлады.

ШИЕЛІ ауданында да республикалық референдумға қатысушылар қатарында қазы­налы қарттар, ақ жаулықты аналар, түрлі сала мамандары мен жас буын өкілдері белсенділік көрсетті. Сол күні кент және ауылдарда мерекеге орай түрлі іс-шаралар бастау алды.

Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, диқан Ы.Жақаев әулетінің келіндері дауыс беру үшін учаскеге ұлттық киіммен келіп, көптің ықыласына бөленді.

Өңір халқы бірліктің үлгісін көрсетті

 – Мен даңқты диқан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев атамыздың келінімін. Атамыз бүкіл ғұмырын егін шаруашылығына арнап, күріш өсіруде рекордтық өнім алып, елге еңбегімен танылған адам. Ол кісі әрдайым адал еңбек етіп, халыққа қызмет көрсетуді өмірлік ұстаным еткен. Бүгін біз де сол өнегелі жолдың ізімен ел болашағы үшін маңызды саяси науқан – референдумға келіп, өз дауысымызды беріп отырмыз. Бұл – келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін жасалған маңызды таңдау деп білеміз, – дейді Гүлнәр Қитанбаева.

Аудандағы ірі өндіріс орындарының жұмыс­шылары да бір сәт уақыт тауып, таңдауларын жасауға асықты. «РУ-6», «Семізбай-U», «ГРП-23» өндірістік кәсіпорындары қызметкерлерін автобуспен және арнайы жұмыс киімімен келіп, референдумға қатысып, белсенділік көрсетті.

Сондай-ақ кентіндегі №293 референдум учаскесінде «Компания Гежуба Шиели Цемент» ЖШС-ның ұжымы өз таңдауларын жасады. Елдің болашағына бейжай қарамайтын кәсіпорын қызметкерлері азаматтық белсен­ділік танытып, маңызды саяси науқанға біркісідей атсалысты.

ЖАҢАҚОРҒАН ауданындағы референдум учаскелерінде  мерекелік көңіл күй таңертеңнен қалыптасты. Наурыз мейрамы, жәрмеңке және спорттық мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Аудан бойынша белгіленген  референдум учаскелерінде дауыс беру науқаны талапқа сай жүргізілді. Учаскелерде тұрғындардың еркін әрі ашық түрде дауыс беруіне барлық жағдай қарастырылды.

Ауданға қарасты Жайылма ауылының «Жайылма жауһарлары» әжелер ансамблі референдум учаскесіне келіп, өз таңдауларын жасады. Олар науқанға ұлттық киімде ән-жырдан шашу шашып, ерекше салтанат түзді.

Түгіскен ауылында тұратын Атымтаевтар әулетінің келіндері бір мезетте референдум учаскесіне барып, бірдей дауыс берді. Бір отбасының мүшелері бірліктерін көрсетіп, белсенді түрде қатысуды жөн санаған. Бұл сәт ауыл тұрғындарына да ерекше әсер қалдырды. Отбасының ынтымағы мен ауызбірлігін көр­сетіп қана қоймай, өзгелерге де үлгі болды.

Ауданда жаңадан шаңырақ құрған жас жұбайлар Абуали Әзімханұлы мен Алтынай Мақсатқызы республикалық референдумда №340 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді. Олар осылайша ел ертеңінің негізі қала­нып жатқан сындарлы сәтте азаматтық белсенділіктерін байқатты.

Ал Жаңарық ауылдық округінде еңбек және тыл ардагері, 93 жастағы әулет анасы Мақтагүл Сайдажиева ұрпақтарымен келіп, өз таңдауын жасап, ақ батасын берді.

Осылайша облыста дауыс беру процесі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қоғамдық бақылаушылардың мәліметінше, ешқандай заң­бұзушылықтар болған жоқ. Сыр жұртшылығы ел тағдырына бейжай қарамай, бірлік пен жауапкершіліктің үлгісін көрсеткендей. Өйт­кені, әрбір дауыс ел ертеңіне деген сенім мен жарқын болашаққа бағытталған маңызды қадам екені анық.

Ержан ҚОЖАС,

Сара АДАЙБАЕВА

«Сыр бойы»