Топ-баннер2

Өңірде көктемгі егін науқанына дайындық қарқынды жүргізілуде

5

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Қызылорда облысында көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл өңірде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстар қолға алынып, егіс алқаптарының құрылымын оңтайландыру көзделіп отыр.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев мәлімдеді.

Биыл облыс бойынша 185,8 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Өткен жылмен салыстырғанда негізгі дақыл күріштің егіс көлемі 10,9 мың гектарға қысқартылып, жалпы 70 мың гектарға орналастырылады. Қысқарған күріш алқаптарының орнына жүгері дақылының егіс көлемін ұлғайту жоспарланып отыр.

«Көктемгі дала жұмыстарына қажетті жанар-жағармай қоры да алдын ала қарастырылған. Атап айтқанда, шаруаларға 10,1 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Ал өңірдегі негізгі дақыл күрішті егу жұмыстары сәуір айының үшінші онкүндігіне жоспарлануда.

Биыл егіс көлемін 89,7 мың гектар дәндi дақылдар, 6,1 мың гектар майлы дақылдар, 73,2 мың гектар мал азықтық дақылдар, ал 16,8 мың гектар картоп, көкөнiс, бақша дақылдары құрайды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері тарапынан көктемгі егіс жұмыстарына қажетті 10,1 мың тонна көлемінде арзандатылған дизель отынына өтінім берілді. Одан бөлек қолда бар 3975 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары толығымен жөндеуден өткізілді. Сондай-ақ су үнемдеу технологиялары көлемін 16 мың 700 гектарға ұлғайту жоспарланып отыр. Алдағы егін науқанына қажетті 65,6 мың тонна минералдық тыңайтқыштардың бүгінгі күнге 28,3 мың тоннасы сатып алынды. Көктемгі дала және егін егу жұмыстарының атқарылу барысы тұрақты бақылауда. Биыл да мол өнімді қамбаға құямыз деген үмітіміз мол», – деді басқарма басшысы Талғат Тұрсынұлы.

Жалпы, өңірде көктемгі дала жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп, шаруалар жаңа маусымға тың дайындықпен кірісуде. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттырып, аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.