Өңірде жүгері дақылы терең өңделеді кеше жаңа зауыттың іргетасы қаланды

5

0

Фото: облыс әкімдігі

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері және ел ағаларының қатысуымен Сырдария ауданында жүгері дақылын терең өңдеу зауытының іргетасын қалау рәсімі өтті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты жаңа жобаның басталуымен құттықтап, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

– Президентіміз айқындап берген эко­номиканы әртараптандыру, өңдеу өнер­кәсібін дамыту жөніндегі стратегиялық міндеттер аясында аймағымызда нақты істерді кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеміз.

Өткен жылы тамыз айында Жетісу өңіріне арнайы жұмыс сапарымен барып, еліміздегі ірі өндіріс орындарының бірі – «Жаркент крахмал-сірне зауытымен» жан-жақты таныстық. Келіссөздер нәтижесінде серіктестіктің қолдауымен облысымызда жүгері дақылын терең өңдейтін жаңа зауыт салу жөнінде маңызды келісімге қол жетті.

Бүгін аймағымыз, оның ішінде Сырдария ауданының тұрғындары үшін аса маңызды, тарихи сәттің куәсі болуға жиналдық. Жылына 150 мың тонна жүгері дақылын терең өңдейтін, 40 млрд теңгенің жаңа өндіріс орнының іргетасы қалануда. Зауыт заманауи талаптарға сай жоғары сапалы технологиялармен жабдықталып, 550 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді.

Биылдан бастап жүгері егісі 15 мың гектарға дейін ұлғайтылады. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып, өңіріміздің аграрлық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Терең өңдеуге бағытталған жүгері өндірісін қолға алған шаруаларға мем­лекет тарапынан қаржылай көмек көр­сетіледі. Маңызды жобаны жүзеге асыруға бастамашы болып, зор үлес қосқан инвес­торларға тағы да шынайы алғысымды, зор ризашылығымды білдіремін. Зауыт құры­лысының сәтті аяқталуына, жаңа нысан­ның ел игілігіне қызмет етуіне тілек­теспін, – деді облыс әкімі.

Рәсімде мемлекет және қоғам қайраткері Бекмырза Еламанов сөз сөйлеп, батасын берді.

Айта кету керек, 2022-2025 жылдары мемлекет тарапынан аграрлық саланы қолдауға 92,4 млрд теңге бөлінді. Биыл бұл мақ­сатқа 34 млрд 800 млн теңге қарастырылған. Шаруа­шылықтар есебінен 58 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Өткен жылы ауыл шаруашылығында 11 млрд 600 млн теңгенің 16 инвестициялық жобасы іске қосылып, саланың не­гізгі қорына тартылған инвес­ти­ция көлемі 74 пайызға артты.

2026-2028 жылдарға ар­налған инвестициялық жо­ба­лардың жол картасы әзір­леніп, оған 138 млрд 200 млн теңгенің 17 жобасы енгізілді. Жүйелі жұмыстың арқасында жалпы өнім көлемі жыл сайын өсіп келеді. Мәселен, өткен жылы бұл көрсеткіш 233 млрд 450 млн теңге болса, биыл 240 млрд 400 млн теңгеге жеткізу жоспарланған.

«СБ» ақпарат