Өңірді ауыз сумен қамту жұмыстары бойынша мәжіліс өтті

5

0

Фото: Қазалы ауданы әкімдігі

Өңірге арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері бойынша мәжіліс өткізді.

Жиын барысында Мемлекет басшысының халықты 2025 жылдың соңына дейін 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамту жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы талқыланды. Қызылорда облысында жүзеге асырылып жатқан ауыз су жобалары, оның ішінде топтық су құбырларын салу, ішкі су желілерін жүргізу және су тұшытқыш қондырғыларын орнату мәселелері кеңінен қаралды.

Мәжіліске аудан әкімі Алмасбек Есмаханов бейнебайланыс режимі арқылы қатысып, аудан аумағында іске асырылған ауыз су жобалары жөнінде баяндады. Атап айтқанда, Сарбұлақ, Шитүбек, Шәкен және Шилі елді мекендерінде ішкі су желілерінің құрылысы толық аяқталғаны айтылып, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, Бірлік ауылында орнатылған су тұшытқыш қондырғысының жұмысы туралы ақпарат беріліп, аудан бойынша ауыз су сапасы мен қолжетімділігіне қатысты мәселелер назарға алынды.

Жиында Ералы Лұқпанұлы халықты сапалы ауыз сумен қамту халықтың денсаулығын сақтау, өмір сүру сапасын арттыру және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі екенін айтып, бұл жұмыстар бойынша республикада ешқандай мәселе болмауы керек екенін жеткізді.

Мәжіліс қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырмалар беріліп, жауапты мемлекеттік органдарға жобаларды мерзімінде әрі сапалы аяқтау жөнінде міндеттер жүктелді.