ОБЛЫС ӘКІМІ НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВТЫҢ ӘР САЛАДАҒЫ ЕҢБЕК ОЗАТТАРЫН МАРАПАТТАУҒА АРНАЛҒАН «ТАРИХЫ ТЕРЕҢ, БІРЛІГІ БЕКЕМ СЫР ЕЛІ» АТТЫ САЛТАНАТТЫ ШАРАДА СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ
Қадірлі жерлестер!
Құрметті жиынға қатысушылар!
Биыл – еліміз, өңіріміз үшін тарихи мерейтойлар жылы!
Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл, тәуелсіздігіміздің ең басты кепілі – Конституциямызға 30 жыл, этносаралық келісім саласындағы негізгі институт Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл толуда.
Ұлтымызға «Қазақ» атауының қайтарылғанына, Қызылорда қаласының Қазақ елінің астанасы болғанына 100 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өттік.
Бүгінде Қазақстан дүниежүзіне орта державалы ел ретінде танылуда.
Ұлттық экономиканы дамыту ісі халықтың әл-ауқатын жақсартуға, Қазақстанның өңірдегі көшбасшылық рөлін сақтауға, халықаралық беделін күшейтуге бағытталуда.
Өткен аптада Президентіміз «Орталық Азия – АҚШ» саммитіне қатысты.
Екі ел компаниялары жалпы сомасы 17 млрд доллардан асатын келісімдерге қол жеткізді.
Бұл сапар Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші рөлін күшейтіп, АҚШ пен аймақ арасындағы басты дәнекер ел ретіндегі позициясын арттырды.
Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен жүргізілген конституциялық реформа еліміздің жаңа тарихындағы маңызды оқиға болды.
Бұл мемлекеттің негізгі институттары арасында билік өкілеттіктерін қайта бөлу арқылы барынша әділ саяси жүйе құруға мүмкіндік беруде.
Әлеуметтік салада жаңа заманның шақыртуларына сай жаңашылдықтар енгізілуде. Ғылым, білім, мәдениет озық ойлы ұлт болуға ықпал ететін басты үш тірек ретінде жарияланды.
Президентіміздің Әділетті қоғам идеясы, «Адал адам», «Таза Қазақстан», «Заң мен Тәртіп» қағидаттары қоғамдық сананың жаңғыруына оң серпіліс беруде.
Бүгінде әлемде геосаяси, экономикалық, климаттық, демографиялық, көші-қон факторларынан туындайтын түбегейлі өзгерістер орын алуда.
Жаппай цифрландыру, жасанды интеллектінің негізінде жаңа технологиялық тәртіп қалыптасуда. Бұл үдерістер қоғамның әлеуметтік құрылымдарына, соның ішінде Қазақстанға едәуір ықпалын тигізеді.
Президентіміздің заманның сын-қатерлеріне лайықты төтеп беруге дайын болуға қатысты тапсырмаларын іске асыру – бәріміз үшін бірінші кезектегі мәселе.
Қадірлі жерлестер!
Өздеріңізге белгілі, 2022 жылы Президентіміз үлкен сенім артып, туған жерімде қызмет етуге мүмкіндік берді. Бұл – менің еңбек жолымдағы аса жауапты кезең.
Мемлекет басшымыздың, Үкіметтің тапсырмаларын орындау, халықтың сенімін ақтау зор жауапкершілікті жүктейді.
Дана халқымызда «Адалдық жүрген жерде адамдық жүреді» деген. Қазақтың жарқын болашағына кіршіксіз қызмет ету – әрбір азаматтың ар алдындағы қасиетті борышы.
Бүгінде әлемдегі тұрақсыздық, экономика мен халықаралық саясаттағы сәт сайынғы өзгерістер кезеңінде уақытпен санаспай күні-түні әріптестерімізбен бірге аймағымыздың өсіп-өркендеуіне, заман көшінен қалмай дамуына аянбай еңбек етудеміз.
Елімізде жүргізілген саяси-экономикалық реформалар өз нәтижесін беруде. Оның айқын көрінісі бүгінгі Қызылорда облысының даму серпінінен анық байқалады.
Аймағымызда атқарылған тиімді жұмыстармен танысу үшін Президентіміз екі рет арнайы іссапармен келді. Әрбір сапарында өңіріміздегі өзекті мәселелердің шешілуіне қамқорлық жасап, қолдау білдіреді.
2023 жылғы сапарында Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысы бағытындағы автомобиль жолын 4 жолақтыға ауыстыру бойынша берген тапсырмасына сәйкес, бүгінде жобалау жұмыстары аяқталды. Келесі жылы құрылысы басталады.
Қызылордалықтардың арманына айналған бас шаһарды ыстық сумен қамтамасыз ету мәселесі оң шешімін тапты.
Осы жылдың 30 қазанындағы сапарын «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалымен танысудан бастап, әлеуметтік нысандар мен өндіріс орындарында болды. Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысын баяндадым.
Мемлекет басшымыз Астана мен Алматы қалаларындағыдай тәулік бойы қызмет көрсететін үшінші Президенттік кітапхана Қызылордада ашылатындығын жеткізді. Бұл бастаманы жерлестеріміз зор қуанышпен қабылдауда.
Кітапхана – көркем ойымыздың кепілі. Әйгілі ақын Расул Ғамзатов «Кітап – үйдің ашулы тұрған терезесі» дейді. Жаңа нысан жерлестеріміздің рухани тынысын ашатын тәрбие мен тағылым үйі болмақ!
Сапар қорытындысымен Мемлекет басшымыз алға қойған жоспарларды уақытылы әрі сапалы іске асырудың маңызын атап өтті.
Аймақта инвестициялық климатты жақсарту, бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. Президентіміздің Сыр өңірінің даму қарқынына, атқарылған жұмыстарға берген оң бағасы бәріміз үшін зор мәртебе. Бұл – ерекше қолдаудың, ұтымды ұйымдастырудың, бірлесе атқарған жұмыстың нәтижесі. Бұл баршамызды жаңа жетістіктерге жетелейді. Бізге тоқмейілсуге болмайды. Мемлекет басшымыздың ерекше қамқорлығы бізге еселенген жауапкершілікті жүктейді. Президентіміздің жоғары бағасына, ерекше қолдауларына барша Сыр жұртшылығының атынан зор алғысымызды, шынайы ризашылығымызды білдіреміз!
Қадірлі қауым!
Қазіргі тарихи кезеңдегі Қазақстандағы реформалар өз ауқымымен, терең мазмұнымен ерекшеленеді.
Аз уақыт ішінде Президент реформалары ұлттық мүдделердің бар салаларын – экономика мен саясаттан бастап, рухани болмыс пен ұлттық бірегейлікке дейін түгел қамтуда.
Кез келген жалпыұлттық реформа тек мазмұнымен ғана емес, өз кеңістігімен де мәнді. Себебі әрбір өзгерістердің негізі – еліміздің өңірлерінде.
Өйткені мемлекет өңірлерден құралады. Сол жерде халық өмір сүреді, еңбектенеді, жаңа идеяларды жүзеге асырады. Реформалар да аймақтардағы нақты іс пен нәтиже арқылы жүзеге асады.
Мемлекет басшымыз ұсынған «Қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидаты ел дамуының темірқазығына айналды. Бұл – халықтың ынтымағын нығайтып, мемлекеттің қуатын арттырады.
Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанды құру жолында Сыр халқы да бекем бірліктің, ерен еңбектің үлгісін көрсетуде. Өңіріміздің барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің өсімі қамтамасыз етілді.
Кейбір көрсеткіштердің мәнін терең түсінуіміз қажет. Өйткені, ол – жай ғана статистика емес, жерлестеріміздің еселі еңбегінің жемісі.
Биыл облысымыздың бюджеті 851 млрд 300 млн теңгеден асты. Өңірге тартылған инвестиция көлемі 720 млрд теңгеге жетті.
Бұл қаражат аймағымыздың ең өзекті деген мәселелерін шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталды.
Бүгінгі еңбектің игілігін болашақ ұрпағымыз көреді деп сенеміз.
Қадірлі қауым!
Биылғы жылдың 5 қарашасында Мемлекет басшымыздың Жарлығымен Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары бекітілді.
Бұл – елімізді жүйелі жаңғыртудың жаңа кезеңінде қоғамдық-саяси, экономикалық, әлеуметтік сипаттағы маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдауға негізгі бағдар болатын маңызды құжат.
Еліміздегі ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуға, қоғамның орнықты дамуын қамтамасыз етуге, біртұтас, жауапты, озық ойлы ұлтты, Әділетті Қазақстанды құруға ықпал етеді.
Президентіміз Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда келесі 5-ші отырысты Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды. Бұл шешімді барша сырбойылықтар зор қуанышпен қабылдады.
Ұлттық құрылтай – идеологиямызды, ұлттық мүддемізді қалыптастыратын саяси алаңға айналды. Сыр өңірінде өтетін Ұлттық құрылтайдың отырысын жоғары деңгейде өткізу мақсатында алдын ала дайындық, ұйымдастыру жұмыстары қарқынды жүруде.
Баршаңызды ұлтымыздың тарихында алтын әріптермен жазылатын саяси маңызды жиынды жоғары жауапкершілікпен атқаруға шақырамын!
Қадірлі жерлестер!
Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген әрбір жетістіктеріміз – халқымыздың бірлігі мен берекелі еңбегінің жемісі. Аймағымызда еңбегімен елге сыйлы, ісімен ұлтқа өнеге болған азаматтарға лайықты құрмет көрсетілуде. Президентіміздің ерекше қолдауымен 2022 жылдан бастап бүгінге дейін 300-ге жуық жерлесіміз мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың 50 пайызға жуығы – қарапайым еңбек ардагерлері мен озаттары.
Мемлекет басшымыз жұмыс сапарының қорытындысымен бірқатар жерлестерімізді мемлекеттік наградаға ұсынуды тапсырған болатын. Бүгінгі маңызды жиында осы наградаларды табыстайтын боламыз.
Бұл – Президентіміздің Сыр өңірі халқына ыстық ықыласы мен бірлесіп атқарған жұмысымызға берген оң бағасы деп білеміз.
Барша Сыр жұртшылығы атынан туған жерімізге әрдайым ерекше ықыласымен қолдау білдіріп келе жатқан Мемлекет басшымызға тағы да шынайы алғысымызды білдіреміз!
Қадірлі қауым!
Құрметті жерлестер!
Аймағымызда атқарылып жатқан қай істе болмасын әрбірлеріңіздің қолтаңбаларыңыз бар. Сіздер барлық бастамаларымыз бен жобаларымызға үлкен қолдау білдірудесіздер. Біз оны күн сайын ерекше сезініп келеміз.
Президентіміздің біздерге қойған талабы да, Өзіміздің азаматтық парызымыз да халық сенімін ақтау жолында адал қызмет ету.
Алдағы уақытта да туған жерімізді өркендетуге шынайы жанашырлықпен атсалыса берейік.
Ата-бабамыздан мирас болған мәдениетіміз бен ұлттық дәстүрлерімізді сақтаған, ана тілімізді биік тұғырға қондырған халқымыз бекем бірлігімен жасай бергей!
Қойнауы қазынаға толы, тарихтан тамыр тартқан Сыр өлкесінің келешегі кемел, болашағы жарқын болсын! Баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ-береке, ел игілігі жолындағы қызметтеріңізге сәттілік тілеймін!
Егемендігіміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!
***
Салтанатты шараға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев және зиялы қауым өкілдері мен құқық қорғау органдарының басшылары арнайы қатысты. Ал аудан әкімдері мен активтері бейнебайланыс арқылы тамашалады.
Шараны облыс әкімі Н. Нәлібаев ашып, өңірде атқарылған ауқымды жұмыстар мен қол жеткізген табыстарға тоқталды.
Салтанат сахнасында аймақтың дамуына, көркеюіне ат салысып, үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мемлекеттік марапаттарды табыстады.
Онан соң Парламент Сенатының депутаты Н. Байқадамов сөз алып, аймақтағы жетістіктердің барлығы тынымсыз адал еңбектің, бірліктің нәтижесі екенін тілге тиек етті.
Шара Сыр өнерпаздарының концертіне ұласты.
«СБ» ақпарат
МЕМЛЕКЕТТІК МАРАПАТ ИЕЛЕРІ
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылғы 4 қарашадағы №1078 Жарлығына сәйкес:
Қазақстан Республикасының әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы аса үздік жетістіктері, белсенді қоғамдық қызметі, мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі сіңірген еңбегі, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін наградталсын:
ІІІ ДӘРЕЖЕЛІ
«БАРЫС» ОРДЕНІ
Еламанов Бекмырза Қайыпұлы – мемлекет және қоғам қайраткері. Қызылорда облысының құрметті азаматы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі.
«ПАРАСАТ» ОРДЕНІ
Сәрсенбаев Мұрат Абайұлы – «Абай Дәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры. «Құрмет» орденінің иегері.
Бекжанов Әліби Бақытбекұлы – «Ер-Әлі» шаруа қожалығының төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері.
ІІ ДӘРЕЖЕЛІ
«ДОСТЫҚ» ОРДЕНІ
Сарачоглу Алган – «Акса Энерджи Кызылорда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры.
«ҚҰРМЕТ» ОРДЕНІ
Еспенбетов Манарбек Нағымұлы – «Промстройсервис Е» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры. Қазақстанның құрметті құрылысшысы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.
Иманова Роза Сәдібекқызы – «Сәт-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры. Қазақстанның құрметті құрылысшысы.
Саймағамбетов Оңғарбек Құрманайұлы – «Сейфуллин Жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі.
Қозыбақов Исламғали Айтуарұлы – «Tau Group LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы.
«ЕРЕН ЕҢБЕГІ ҮШІН»
МЕДАЛІ
Тұрсынбеков Марат Күмісбайұлы – «Қызылорда-Тазалығы» мекемесінің жұмысшысы.
Іздіқұлова Азиза Гажденбекқызы – Қызылорда облыстық филармониясының режиссері.
«ШАПАҒАТ»
МЕДАЛІ
Нұрбаева Махабат Мұсақызы – Қызылорда облыстық филармониясының әртісі. Тәжірибелі педагог, кәсіби музыкант.
Бимұратқызы Жанар – «Сыр жұлдыздары» балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық және инновация академиясының директоры.
Мырзабаева Гүлбану Елубайқызы – Қызылорда облыстық филармониясының бас балетмейстері.
Жолмырза Бақнұр Еркебұланқызы – Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы.






