Өңірімізде 5 қазанда мұғалімдер күні аталып өтеді

621

0

Биыл алғаш рет Мұғалімдер күні мерекесі ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес 5 қазанға бекітілді. Осылайша дүниедегі ең асыл, жауапты әрі маңызды мамандық өкілдерін біріктіретін бұл мереке – Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілді.

Бұл күні Қызылордада облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен сағат 16:00-де «Ұлағатын ұлық тұтар барша әлем» тақырыбында салтанатты жиын өтеді. Сондай-ақ, Бәйтерек елді мекеніндегі жаңа мектеп ел игілігіне пайдалануға берілмек. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар алаңында өткізілген брифингте облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Бағдат Бердаулетов мәлімдеді.

Биыл Ұстаздар күнін атап өту жөніндегі облыстық іс-шаралар жоспарына сәйкес 25 қыркүйек – 10 қазан аралығында барлық балабақшаларда, мектептерде, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында, интернаттарда ашық сабақтар, тәрбие сағаттары өткізілуде. Мерейлі мерекенің ең ауқымды шарасы ертең облыстық драма театрында өтетін болады. Сондай-ақ, Бәйтерек мөлтек ауданындағы 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілмек. Мұнымен қоса, Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен Республикалық педагогтер съезі өтеді. Оған өңірімізден 30-ға жуық делегация өкілдері қатысады. Педагогтер арнайы ұйымдастырылған алаңдарада озық еңбектерімен және халықаралық тәжірибелермен бөліседі, – деді Бағдат Камбозұлы.

Сонымен қатар баспасөз мәжілісінде Бағдат Камбозұлы білім саласындағы жаңашылдықтар мен атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып өтті.

Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауы негізінде соңғы бір жыл ішінде Сыр өңірінде білім саласы ауқымды өзгерістерге қадам басты. Болашақ ұрпаққа жол сілтейтін педагогтер еңбегі өңірімізде лайықты бағаланып келеді. Президент тапсырмасы аясында соңғы 4 жылда мұғалімдердің жалақысы 100 пайызға артты. Ал, 1 қыркүйектен бастап балабақша тәрбиешілерінің еңбекақысы 30 пайызға ұлғаятын болады. Бұл өз кезегінде педагогтер мен тәрбиешілерге деген айрықша құрмет, білім саласына жасаған ерекше қамқорлық деп білеміз, – деді басқарма басшысынің міндетін атқарушы.

Брифингте сөз алған Сейілбек Шаухаманов атындағы №9 дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының информатика пәнінің мұғалімі Жарқын Батыр ұстаздық жолындағы жетістіктерімен бөлісіп, Сыр педагогтерін мерейлі мерекемен құттықтады.

Мұғалімнің әрбір жетістігі қажырлы еңбектің арқасында оң нәтижеге жетеді. Осы тұста мен қызмет ететін білім ұйымында небәрі 4 жылда көптеген жетістіктерге қол жеткіздім. Оқушыларым облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып, аймақ абыройын асқақтатып жүргеніне қуаныштымын. Бұл әрние мемлекетіміз бен өңіріміздің біз секілді жас педагогтеріне және дарынды оқушыларға көрсетіп жатқан үлкен қолдауының арқасында деп білемін. Қадірлі ұстаздар қауымы, сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі өрелі жұмыстар және мемлекеттің гүлденуі жолындағы абыройлы істеріңізге табыс тілеймін. Баршаңызды ел ертеңі болатын зияткер тұлға тәрбиелеуге шақырамын, – деді Батыр Жарқынұлы.

Айта кетейік, бүгінгі таңда аймағымызда білім беру саласында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру бағытында 30 мыңға жуық педагог жұмыс істейді.

Қызылорда облысының білім басқармасының баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<